Ұлттық валюта сыртқы факторларға төтеп бере алар емес

2698

KASE-нің бүгінгі таңғы сессиясының қорытындысы бойынша доллардың бағасы 1,27 теңгеге қымбаттап, 383,83 теңгеге жетіп отыр.

Ұлттық валюта сыртқы факторларға төтеп бере алар емес Фото: Серікжан Қобыланбаев

Өткен апта соңы АҚШ-тан шыққан мәліметтер мен жаңалықтар мұнай бағасын әбден құлдыратын жіберді. Алдымен Трамп Мексикадан келетін импортқа 5%-дық баж салығын қосып жіберсе, артынша Америка энергетика министрлігінің елдегі жанармай мен мұнай қоры туралы жариялаған соңғы мәліметтері қара алтын құнын одан сайын төмендетіп тастады.

Апта басын 67-68 доллар айналасында бастаған қара алтын құны бейсенбіде Трамптың "қаһарына" ұшырады. Мексикадан келетін заңсыз еңбек мигранттарымен күресудің басқа амалын таппаған Трамп оңтүстіктен кіретін барлық тауарларға баж салығын 5%-ға өсірді. Ақ үй басшысы Мексика үкіметі мәселені шешпейінше салықты азайтпаймыз деп отыр. Нәтижесінде мұнай бағасы 1,5%-ға арзандап, 64 долларға жақындаған.

Артынша АҚШ энергетика министрлігі елдегі қара алтын қорының 2,2 млн баррельге көбейгенін жариялады. Оның алдында сарапшылар мұнай қорының 800 мың баррельге азаятынын болжаған еді. Осы оқыс хабардан кейін, мұнай бағасы одан сайын құлдырап, Брент маркалы мұнайдың баррелі 64-63 доллар айналасында құбылған.

Одан қалды АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушіліктер де қазір мұнай нарығына оң әсер етіп отырған жоқ. Бірер күн бұрын АҚШ-тың Иран мәселесі бойынша арнайы өкілі Брайан Хук Иран мұнайын импорттайтын елдерге Вашингтон кешірім бермейтінін айтқан. Бұның инвесторлар үшін жақсы жаңалық болмағаны анық.

Жалпы, өткен апта баға 6 пайызға дейін арзандады. Ал бүгін, дүйсенбіде Астана уақытымен 10:00 шамасында Брент бағасы тіпті 61,26 долларға дейін арзандап отыр. Мұның бәрі, әрине, доллар-теңге қатынасына тікелей әсер етпей қоймады. KASE-нің бүгінгі таңғы сессиясының қорытындысы бойынша доллардың бағасы 1,27 теңгеге қымбаттап, 383,83 теңгеге жетіп отыр. Таңғы сессияда максимум көрсеткіш 384 теңгеге дейін жеткен. Бұл абсолютті рекордтан 0,5 теңгеге ғана арзан. Егер мұнай нарығы осы бетінен жақын арада айнымаса, доллардың теңгеге шаққандағы құны жаңа рекордқа жетуі әбден мүмкін.

Елдегі саяси науқан басталғалы теңгенің бағамы туралы сарапшылардың түрлі болжамдары айтылып келеді. Соның арасында сайлаудан кейін доллар біртіндеп қымбаттауға тиіс деген жорамал да бар. Оның себебін транзиттік кезеңмен байланыстырады. Ал теңгенің бүгінгі әлсіреуі елдің ішіндегі емес, геосаяси ахуалдардан туындап отыр. Яғни қазіргі таңда ішкі жағдай да, сыртқы жағдай да ұлттық валютаға қарсы ойнап тұр. Бұл,әрине, валюта нарығындағы пессимизмді одан ары өсіре түспек.

Ал мұнай нарығына келер болсақ, сарапшылар 2020 жылы да бағаның орташа есеппен 65 доллар айналасында болатынын алға тартуда. Демек алдағы екі жылда бағаның қымбаттай қоюы екіталай деген сөз. Өздеріңіз де байқағандай, қазіргі баға теңге бағамы үшін оңай болып отырған жоқ.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу