Естеріңізге салайық, 21 сәуір күні Қарағандының маңындағы оқу-жаттығу алаңында сағат 16:25-те ФК 14 Polaris ұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан пилот нұсқаушысы Юрий Артемов пен курсант Мереке Аукешев оқиға орнында қаза тапты.
"Балапан" деп аталған оқу-жаттығу 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жерде көбінесе курсанттар ақылы негізде ұшақ басқаруды үйренеді.
29 жастағы Теміртау тұрғыны Мереке Аукешев көкке көтерілуді армандап, мақсатын жүзеге асыру үшін оқу-жаттығу орталығына келген екен.
Ұшақты басқарған пилот-нұсқаушы Юрий Артемов 47 жасында авиациядан зейнеткерлікке шыққан. Содан бері оқу-жаттығу орталығында шәкірт тәрбиелеген.
"Юра өте тәжірбиелі пилот болды. Зейнет жасына шықса да, ұшуын қоймады. Ол көкке самғап ұшқанды жақсы көрді. Білгенін үнемі жастармен бөлісіп отырды. Ұшқыш болу – тағдыр әрі қаупімен қоса жауапкершілігі мол мамандық. Сондықтан ұшқыш болуға кез келген адамды ала бермейді. Ұшу барысында әртүрлі жағдай орын алады. Экипаж барлығына дайын болуы керек.
Менің білетінім, Юра өте тәжірибелі ұшқыш болды, ол 30 жыл көк аспанда самғап жүрді", – деп еске алды марқұмды көршісі әрі бұрынғы әріптесі Станислав Федотов.
Досы жайлы естелік айтқан отставкадағы полковник Станислав Федотов 33 жыл пилот болған екен. Өкініштісі, оның ұлы Денис Федотов 2007 жылы Қарағандыда МИК-31 ұшағымен апатқа ұшырап, қаза тауыпты.
Арайлым Еркебаева