Ұлы орыс жерлері қалайша Қазақстанға тиесілі болып қалған – Путиннің көмекшісі

10849

Никонов пен Федоровтың позициясын Мединский де қолдайтынын білдірді.

Ұлы орыс жерлері қалайша Қазақстанға тиесілі болып қалған – Путиннің көмекшісі

Бұл жолы Ресейдің тағы бір атқамінері Қазақстан жерлеріне қатысты тағы бір мәлімдеме жасады. Владимир Путиннің көмекшісі әрі бұрынғы мәдениет министрі Владимир Мединский федерация кеңесінің отырысында: "ұлы орыс жерлері қалайша Украина, Қазақстан, тіпті Беларусьқа тиесілі болып қалған" ,– деді. Бұл жиында сенаторлар бірқатар шенеунікпен тарих және болашаққа қатысты пікірлерімен алмасқан еді, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы "Коммерсантъ" сайтына сілтеме жасап.

Экс-министр жиында "тарихты бұрмалау – мақсат емес, ол – құрал" дей келе, "өткенді басқаратын адам болашақты басқарады" дегенді айтты. Сөз соңында ол сенаторларға "ұлы орыс жерлері қалайша Украина, Қазақстан, тіпті Беларусьқа тиесілі болып қалғаны" туралы ойлауға кеңес берді.

Тағы бір жайт, жуырда Ресейдің білім министрлігі Мединскийдің жетекшілігімен редакцияланған тарих пәні оқулығын мақұлдады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей Федерациясы Қазақстанды қосып алғысы келеді деген қауесетті қиялға теңеген болатын.

"Қиялдамай, шынайы өмірге оралайықшы...Ия, көп нәрсені талқылауға болады, бірақ біздер өзара бауырластық қарым-қатынасты орната білдік. Таласатындай ештеңе де, оған түрткі болатындай себеп те жоқ...Біз шекараны 1998 жылы толықтай демаркациялаған едік", – деді ведомство басшысы.

Ал оның алдында РФ Мемлекеттік думасының депутаты әрі елдегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Евгений Федоров Ресей мен Қазақстанның қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайтынын "Голос Отечества" деп аталатын Youtube каналында жариялаған еді.

"Біз біртұтас мемлекетті қалпына келтіруді қолдаймыз. Яғни  қазақстандықтарды біздің халық ретінде қарастырамыз", – деді Федоров тікелей эфирде.

10 желтоқсанда Ресейдің "Первый канал" деп аталатын арнасының эфиріне шыққан "Большая игра" бағдарламасында Ресей Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, саясаттанушы әрі тарихшы Вячеслав Никонов: "Қазақстан бұрын болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлде халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын.  Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы", – деген еді.

Біздің Сыртқы істер министрлігіміз сол бойда Ресей тарабына дипломатиялық нота жолдады. Ведомство басшысының орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты түсініспеушілігін білдірді.

Табиғат Нұрболат

Фото: vedomosti.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу