Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

3089

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңгедей үлестіріледі, осы мақсатта бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінеді. 

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"2020 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа көлемі ҰОС қатысушылары үшін 164 мың теңге, соғыс мүгедектеріне 169 мың теңге, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге 156 мың теңге, соғыс мүгедектеріне теңестірілгендерге 109 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне 107 мың теңге. Ардагерлерге қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Олар жеңілдікпен үй алып жатыр, сонымен қатар оларға медициналық қызмет тегін көрсетілуде, салықтан босатылып, санитарлық-шипажайлық емді тегін  алуда. Жергілікті атқарушы органдар бюджет есебінен не демеушілердің қаражатынан ардагерлерге көмегін аяп жатқан жоқ" — деді вице-министр.

Оның сөзінше, биыл Жеңістің 75 жылдығына орай осы мақсатта 7,6 млрд теңге бөлінеді. Яғни ҰОС қатысушылары (1025 адам), қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұрғындары (289 адам), ҰОС мүгедектерінің қайтыс болған әйелдері не күйеулері (4866 адам), ҰОС жылдарында қайтыс болған қатысушылардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109040 адам), ҰОС ардагерлеріне теңестірілген басқа да адамдарға (8920 адам) төлемдер үлестіріледі.

"2020 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 1025 ардагері, 123 мыңнан астам Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен  жеңіске үлес қосқан басқа азамат тіркелді. Соғыс уақытында Кеңес әскері қатарына 1,2 миллионнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы және басқа да әскери құрылымдар жасақталды. Әскери еңбегі үшін мыңдаған қазақстандық ордендермен және медальдармен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың ішінде 4 қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші отандасымыз жеңіс үшін басын құрбандыққа тікті. 630 мың адам соғыста қаза тапты, жараланып аурудан қайтыс болды, жоғалып кетті немесе тұтқыннан оралмады" — деді министр.

Сонымен қатар ардагерлердің салықтың қай түрінен босатылатыны жарияланды. Ведомство өкілінің сөзінше, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері салықтың 11 түрінен босатылмақ. Енді бұл категорияға Чехословакиядағы шиеленіс, Қарабахтағы этносаралық шайқас, Ирандағы бітімгершілік операциялар мен тәжік-ауған шекарасында ТМД елдерінің сыртқы шекарасын қорғауға қатысқандар да жатқызылады. 

Олар мына салық түрлерінен босатылады:
- көлік салығы
- мүлік салығы
- соттағы мемлекеттік бажы салығы
- жылжымалы мүлік кепілі
- азаматтық хал актілерін тіркеу кезіндегі төлем
- нотариалдық әрекет жасау кезіндегі мемлекеттік баж салығы
- зияткерлік меншік саласында заңды тұрғыда маңызды әрекеттерді жүзеге асыру барысында төленетін мемлекеттік баж салығы
- басқа да әрекет жасау барысында төленетін мемлекеттік баж салығы


 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу