Британ тағының мұрагері Уильям ханзада танымал телешоудың бірінде Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі жетістігіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі өзінің Instagram-дағы парақшасында BBC арнасындағы The Graham Norton Show бағдарламасынан үзінді жариялады. Уильям ханзаданың айтуынша, Қазақстанда киік санының қайта өсуіне мемлекеттік қолдау ықпал еткен.
"Бұрын киіктер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған, ал қазір олардың саны қайтадан өте жоғары көрсеткішке жетті. Бұның бәрі – Қазақстан үкіметінің киіктердің ел үшін де, табиғатты сақтау үшін де қаншалықты маңызды екенін түсінгенінің нәтижесі. Мемлекет тарапынан оларды қорғауға жан-жақты қолдау көрсетілді", – деді Уильям ханзада.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің "жойылу қаупі жоғары" санаттан "жойылу қаупі аз" санатқа ауысқанын хабарлаған болатын.