Ұлыбританияда Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты ауыл шаруашылығы техникасы иелеріне жанармай сатуға шектеулер енгізіле бастады. Бұл туралы The Daily Telegraph газеті жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басылымның хабарлауынша, Англияның Эссекс графтығында және Шотландияның кейбір өңірлерінде көтерме жеткізушілер фермерлерге арналған қызыл дизель отынына лимит белгілеген.
"Біз нормамен тарату кезеңін көріп отырмыз. Көтерме жеткізушілер көп тапсырысты қамту үшін жеткізілім көлемін азайтуға мәжбүр. Бұрын бір фермерге 10 мың литр жеткізілсе, қазір әр фермерге 2 мың литрден келеді", – деді Anglia Farmers компаниясының өкілі Патрик Крехан.
Дүйсенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Таяу Шығыстағы қақтығысқа қарамастан елдегі энергия ресурстарының жеткізілуіне қатысты айтарлықтай алаңдаушылық жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, үкімет жоспар құру кезінде қақтығыстың біраз уақытқа созылуы мүмкін екенін ескеріп отырғанын атап өтті.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Шабуылдар ірі қалаларды қамтыды. Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы қарымта жауап ретінде ауқымды операция жүргізіп, Израильге соққы жасағанын хабарлады. Сондай-ақ АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Қатар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы нысандары да шабуылға ұшырады.