Үндістанда жасалған біраз дәрі өмірге қауіпті болып шықты

4774

Бұл ешқандай фейк емес.

Үндістанда жасалған біраз дәрі өмірге қауіпті болып шықты Фото: inbusiness.kz

Таяуда қазақстандықтар мессенджерлер арқылы бірін бірі: "Цефтриаксонды алмаңдар" деп сақтандыра бастады. Мамандар мұның жалған екенін, бұл препараттың бактериалды инфекциялармен күресте аса қажеттігін дәлелдеді.

Соңғы он жылда дәл осындай негізсіз шабуыл тағы бір өмірлік маңызды дәріге жасалып жатыр: "Дәріханаларда сатылып жатқан парацетамолды ішсеңіз, жеті күнде өліп қалатын көрінесіз", "жаңа, ақ түсті парацетамолға адам өлтіретін патоген жұқтырылыпты" сияқты фейк жаңалықсымақтар да дүркін-дүркін елді дүрліктіреді. Денсаулық сақтау министрлігі мұны жоққа шығарды. Рас, парацетамолды тектен тек ішуге болмайды, бүйрек ауруына соқтыруы мүмкін.

Бірақ бұл жолы сарапшылар дабыл қағып отыр. Bloomberg хабарлауынша, Үндістанда жасалған дженерик дәрілер аса қауіпті болып шықты. Осы орайда дженериктің не екеніне қысқаша түсініктеме бере кеткен жөн.

"Түпнұсқалық препарат – алғаш рет синтезделген, клиникалық зерттеулердің толық циклынан өткен дәрілік зат. Оның құрамы, ингредиенттері және олардың үлесі, дәрілік формасына дейін патентпен қорғалады. Ал препараттың патентпен қорғалу мерзімі аяқталғанда, нарықта оның синонимдері сатыла бастайды. Дженерик дегені осы. Олар оригинал дәрінің әрекет етуші заттарының формуласын көшіреді. Бірақ оған өз өзгерістерін енгізуі мүмкін. Бірақ синонимнің оригинал өнім сияқты жағдайда, кіршіксіз таза жерде өндірілетініне еш кепіл жоқ. Оның үстіне өнімді арзандату үшін құрамындағы элементтерді арзанқол басқасымен ауыстырады. Дженериктердің бір қаупі де осында", – деп түсіндірді дәріханалар желісінің жетекші фармацевт маманы Ольга Штрейс.

Блумберг сарапшысы Рут Поллард (Ruth Pollard) Үндістанда өндірілетін дженериктердің басты бір қаупін атады. Оның байламынша, "әлемдік дәріхана" атануға ұмтылған Үндістанда реттеу мен қадағалау ісінің қатты ақсап жатқаны жан түршіктіреді. Салдарынан, онда дәрілерді лас цехта, еденде жинай салса да, фармацевтсымақтардың қолынан ешкім қақпауы мүмкін.  

"Соның кесірінен, тек соңғы 6 айда Үндістанда шығарылған жөтелге қарсы сироптардан ондаған бала қайтыс болды. Көзге арналған тамшылар сырқаттарды соқыр етті. Қыршынынан қиылған балдырғандарға, негізінен бес жасқа дейінгі балаларға Үнді елінде жасалған рецептісіз препараттар берілген. Ал олардың шағын мөлшерде де аса қауіпті өнеркәсіптік еріткіштермен, антифриздермен ластанғаны анықталды. Көз тамшыларынан антибиотиктерге төзімді бактериялар табылды. Салдарынан дәрігерлер адамдардың өзі аман сақтап қалу үшін көздерін алып тастауға мәжбүр болған", – деп жазады Р.Поллард.

Қазіргі кезде бір АҚШ-тың өзінде, 16 штатында 68 сырқат зардап шеккені тіркелді. Үш адам өлді, бірқатары соқыр болып қалды, қалғандарын аман алып қалу үшін көз алмасын сылып алып тастауға тура келіпті. Бұл туралы Американың Ауруларды бақылау және профилактика орталығы хабарлады.  

Осыдан кейін үндінің Global Pharma Healthcare компаниясы көз тамшыларын ерікті түрде кері қайтарып алатынын жариялады.

Ұқсас оқиғалар әлемнің өзге де елдерінде тіркеліп жатыр. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үнділік Maiden Pharmaceuticals жасайтын жөтелге қарсы сироптар Гамбиядағы кем дегенде 70 баланың қазасына себеп болуы мүмкін екенін ескертті.

Ресми дерек бойынша Үндістан жаһандық патенттелмеген дәрілердің аса ірі жеткізуші болып табылады: әлемдік нарықтың 20% жалғыз соның ғана еншісінде.

Үндістан дәрілік препараттарды экспорттаудан жыл сайын 50 миллиард доллар табыс табады. Төрткүл дүниедегі 200 ел – соның тұрақты клиенті. Әрі сұраныс та жыл санап артып барады. Мысалы, вакциналардың 60%-ын сол өндіреді.

Сан қуған бұл ел сапаны тарс естен шығарғанға ұқсайды. Дүниежүзінің жұртшылығы онсыз да алып жатса, онда сапаға, тазалыққа мән беріп, сол үшін арнайы нысандар салудың не қажеті бар? Кез келген гаражда әзірлеп, қораптай салса жеткілікті.  

Өкінішке қарай, Қазақстандағы денсаулық сақтау шенеуніктері де ел қаржысын елдің өзінен қызғанып, бюджетті үнемдеу мақсатында соңғы жылдары арзанқол дженериктерге әуес болып алды. Шенділер оның бәрі елде тексерістен өтетініне сендіреді. Бірақ бұл да қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуі ықтимал.

Таяуда Өзбекстанда Үндістанда шығарылған "Док-1 МАКС", "Амбронол" сияқты препараттар кем дегенде 19 баланың өліміне соқтырды. Импортталған бұл дәрілер Өзбекстанда Дәрілік құралдарды стандаттау ұлттық орталығында лабораториялық зерттеуден өткізіліп, сәйкестік сертификаттары рәсімделген.   

"Тергеу барысында анықталғандай, орталықтың жауапты қызметкерлері аталған дәрілік заттарды лабораториялық зерттеу барысында талаптарды өрескел бұзған. Салдарынан сапасыз препараттар сатуға жіберілді", – деп мәлімдеген ӨР Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қылмыстық іс аясында импорттаушы Quramax Medikal екі басшысы және аталған орталықтың екі жауапты қызметкері ұсталғанын жеткізді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі "Док-1 Макс" үнді препараты Қазақстанда бүгінде тіркеуде жоқтығын мәлім етті. Алайда алты жылдай бұрын болыпты.

"Дәрілік құралдарды сараптау ұлттық орталығының ақпаратына сәйкес, үндістандық Marion Biotech өндірген "Док-1 Макс" препаратының еліміздегі тіркелу мерзімі 2018 жылы аяқталды. Бүгінде ол Қазақстанда тіркелмеген", – деп түсініктеме берді министрлік.

Әрине, Үндістанда өндірілетін барлық дәріні қауіпті деуге болмайды. Блумберг басқа елдерге қарағанда, дәл сол Үндістанда зауыттардың ең көп саны АҚШ Медикаменттер мен тамақ өнімдерінің сапасын санитарлық қадағалау басқармасының талаптарына сәйкес келеді деп танылғанына назар аудартты. Тиісінше, олар жоғары сапалы дженериктер шығарады. Дегенмен, олардың тізімін қарапайым адам түгіл, маман да жаттап ала алмас еді.

Үнділік дәрмектерден есірткі заттарының табылғаны туралы әңгімелер де оның фармацевтикасының беделіне дақ түсірді.

Басқаны айтпағанда, бұл елдің ірі дәрі өндірушісі Ranbaxy Laboratories Ltd. компаниясының АҚШ-тағы еншілес ұйымы Америкадағы федералдық қылмыстық іс аясында кінәсін мойындады және фальсификацияланған дәрілерді сатқаны, деректерді қолдан құрастырғаны, алаяқтығы үшін 500 миллион доллар айып төлеуге келісті.

Бұдан бөлек, Үндістан экспорттайтын және Америкада жоғары холестериннен емдейтін патенттелмеген препараттан көк түсті шынының сынықтары табылған.

Жалпы, жаһанға таралған бұл жанжалға Үндістан билігі былқ етпеді. Блумберг сарапшыларының байламынша, соңғы жылдары үндістандық дәрілерге қатысты шағым күрт өскеніне қарамастан, Нью Дели фармацевтикалық қадағалау режимін қатайтып, дәрі жасау өндірісін қауіпсіз етуге күш салып жатқан жоқ. Одан өзі де жапа шегуде. 2019 жылы оның Джамму штатында кем дегенде 11 сәби жөтелге қарсы сироптан қырылып қалды.

Үндістандағы осы салада да жемқорлық, алаяқтық, фальсификациялар ары қарай жалғасын тапты. Өндірісті үсті-үстіне арттыру, шығынды барынша азайту, сәйкесінше, табысты еселеп ұлғайту мақсатында фармкомпаниялар деректерді қолдан көркейтеді, кемшіліктерін жасырады, жергілікті қадағалаушы инспекторлардың аузын майлайды немесе алдайды.

Фармацевтика алпауыттарының Үндістан билігіндегі тірегі мықты: тіпті АҚШ тарапынан ауыр айып тағылып жатса да, Нью Дели саладағы нормативтік құқықтық актілерін қайта қарауға бармады.

Тек Үндістанның денсаулық министрі Мансух Мандавия отандық өндірушілерді "патенттелмеген дәрілік құралдардан сапалы патенттелмеген дәрілерді жасауға көшуге" шақырды. Бірақ мұның нақты нені білдіретіні, қандай айырмашылығы барын айтып жатпады.

Былтырғы қазанда және биылғы қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мемлекеттерге ескерту жолдап, сатылымнан Үндістанда жасалған жөтелге қарсы дәрілерді алып тастауды өтінді.

Негізі, ДДСҰ жалғыз Үндістанның ғана емес, Индонезияның 4 өндірушісі шығаратын жөтелге қарсы сироптарды да сөрелерден жоюды ұсынды. Олардан 203 баланың көз жұмғаны әшкереленді.

Үндістан болса, ДДСҰ кеңесіне құлақ асу орнына, оған қарсы шықты: оның реттеуші органы Maiden зауыттарынан алынған сынамаларда улы заттар табылмағанын алға тартты. Тек дәрілік препараттары өзбекстандық бүлдіршіндердің өліміне себеп болған Marion Biotech Ltd компаниясының лицензиясын қайтарып алған.

Жаһандық фармацевтика саласын жемқорлық жайлағаны жасырын емес. Онда басты орынға адамзаттың денсаулығы емес, капитал қойылады. Шенеуніктер болса, халықтың денсаулығын емес, бюджетті үнемдеуге баса мән беруі мүмкін. Бұған парақорлық та қосылады. Әрі олар жиі ауысып отыратындықтан, жауапты тұлғаны табу қиын.

Сондықтан әр адам өз қамын өзі ойлау ғана қалады. Мамандар жаһандық фармацевтикалық қауіпсіздік жүйесінің жоқтығына назар аудартып, бұл жағдайда дәрі-дәрмектің дженеригін емес, мүмкіндігінше, түпнұсқасын алуға тырысуға кеңес береді. Басқа амал жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу