Универсиада-2017: Қазақстан құрамасының рекорды жаңарды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3028

Ел қоржынында 11 алтын, 8 күміс, 16 қола.

Универсиада-2017: Қазақстан құрамасының рекорды жаңарды Фото: Бұлбұл Болат

Жастық пен достықтың мерекесіне  айналған 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындары аяқталды.

Спорт сайысының салтанатты жабылу рәсіміне Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин және Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов қатысты.

Туған жерімізде өткен дүбірлі доданың нәтижесі көңіл қуантарлық. Қазақстанның қоржынында 11 алтын, 8 күміс, 16 қола  бар. Командалық есеп бойынша екінші орынға табан тіредік. Бұл – біздің құрама алдыңғы жарыстардағы рекордын жаңартты деген сөз. Себебі Қазақстан құрамасы 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен жарыста 11 медальға ғана қол жеткізген еді. Айта кетейік биыл бірінші орынды – Ресей, үшінші орынды – Корея, төртінші орынды – Жапония елінің спортшылары еншіледі.

12 мың орындық "Алматы Арена" мұз сарайында өткен салтанатты шара фолк, этно және рок жанрлары араласқан "Ұлы дала сырлары" атты музыкалық қойылыммен ашылды. Дәстүрлі әнші Ардақ Балажанованың орындауындағы халық әні, "Ұлытау" тобының рок-әуені және Жәмила Серкебаева мен 150 барабаншының өнері жиналған жұрттың жігерін жанып, рухын асқақтатты. Ал Универсиаданың жабылу салтанатындағы шеруге 57 елдің туын көтеріп шыққан 2 мың спортшы қатысты. Мыңдаған көрермен спорт думанының нағыз батырларын, соның ішінде қазақстандық спортшыларды мерекелік көңіл-күймен қарсы алды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: "...Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы спортсүйер қауымның көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде бүкіл әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекелестіктегі орнын білді. Алматы универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды. Дүбірлі доданың ашылу рәсімінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Спорт – бейбітшілік пен татулықтың, ынтымақтастық пен тілектестіктің символы. Жер-жаһан көз тіккен бұл Универсиада нағыз жастық жігердің аламаны, жарқын жеңістердің бастауы, болашақ олимпиада чемпиондарының мектебі" деген болатын", - деп қалың қауымды бір серпілтіп тастады. Өз кезегінде Халықаралық студенттер спорты федерациясының басшысы Олег Матыцин Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған халықты көрмегенін айтты.

"FISU халықаралық студенттер спорты федерациясының атынан Қысқы универсиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа ризашылығымды білдіргім келеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке және спорт сүйер қауымға алғысым шексіз. Спортшылар мен еріктілерге қолдау танытқандарыңыз үшін рахмет деймін. Универсиаданың тарихында бұрын-соңды залға лық толған осыншама көрерменді көрмегенмін. Бұл – сіздердің спортқа деген ынта-жігерлеріңіздің жоғары екендігінің айқын дәлелі. Сіздерді 2019 жылы Красноярскіде өтетін Қысқы универсиада да асыға күтемін. 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы ресми түрде жабық деп жариялаймын!", – деп түйді сөзін Олег Матыцин. 

Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен Халықаралық студенттік спорт  федерациясының туын қабылдап, 2019 жылы Универсиаданы қабылдайтын Красноярск қаласының бас белгісін таныстырды.

"Красноярск те Универсиаданы лайықты деңгейде өткізетін астанаға айналады деп шын үміттенемін, біз осы мақсатқа жету үшін бар күшімізді саламыз! Жас спортшылардың арманына қанат бітіріп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп отырған Халықаралық студенттік спорт федерациясына зор алғысымды білдіремін! Шығыстың қонақжайлылығын көрсетіп, жарқын спорт жеңістеріне мұрындық болып, ұмытылмас әсер сыйлаған Алматыға рахметімді айтамын! Универсиада-2017 астанасы ілбіс сынды мықты, атақты алматылық апорт секілді жас, қазақ кілемі секілді көркем болып есімізде мәңгі сақталмақ!", – деді Эдхам Акбулатов.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек спорт мерекесінің өз деңгейінде өткенін айта келе, 57 елден келген спортшыларға сәттілік тіледі.

"Бүгін әлемдік Универсиада тарихының тағы бір маңызды парағы жабылғалы тұр. Осы жобаның өтуіне тікелей қамқор болған елбасыға, ел үкіметіне алғысым шексіз. Біз халқымыздың ауызбіршілігін, еліміздің әлеуетін көрсеттік! Сол үшін де ұйымдастырушыларға мың да бір рахмет! Дүбірлі доданы өткізуге тікелей атсалысқан FISU халықаралық ұйымының өкілдеріне, ұйымдастырушыларға, еріктілерге, жанкүйерлерге алғыс білдіріміз!", – деді ол.

Жабылу салтанатының шарықтау шегі – FISU жалауын Красноярск қаласына табыстау мен Универисада алауының сөндірілу рәсімі болды.

Спорт мерекесінің соңында жарық шоуы ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды.

Универсиаданың шымылдығы Әли Оқапов пен Дастан Оразбековтың "Алау" атты әнімен жабылды.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу