Универсиада-2017: Жұмада жалауымыз екі рет желбіреді!

3118

Қасиетті жұмада қоржынымыз тағы 2 алтынмен толықты. Бұл жолы да бейсенбіде алтын алған қос фристайлшымыз көзге түсті.

Универсиада-2017: Жұмада жалауымыз екі рет желбіреді! Фото: almaty2017.com

Алдымен Юлия Галышева параллельді могулда, яғни қатар жарыста өзінің негізгі бәсекелесі ресейлік Елизавета Безгодовамен шықты. Бұл бәсекеде тек бұдыр жолдан жылдам өтіп қана қоймай, әуедегі өнеріңді таза орындап, құламай техникаңды да көрсетуің керек. Осы тұрғыдан алғанда біздің Галышеваның өнеріне қазылар алқасы бірауыздан ең жоғары баға берді.

Сөйтіп Юлия Галышева осы Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанып отыр. Ал қола медаль австриялық фристайлшы Катарина Рамзауэрге бұйырды. Күміс медаль алған ресейлік Елизавета Безгодова қазақ қызынан 17:8 есебімен таза жеңілді.

Бұдан соң дереу ерлер бәсекесінің финалы басталды. Мұнда да ақтық сынға Дмитрий Рейхерд шықты. Дмитрийге де ақтық сында Ресей жігіті қарсылас атанды. Сергей Шимбуев жас болғанына қарамастан тәжірибелі Рейхердтен жылдамдығы жағынан ұтып кетті. Бірақ бұдыр жолды жылдам өту басты көрсеткіш емес екендігін жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Ең бастысы Дмитрий тұғырдан секіріп, әдемі элемент жасады және техникасы төрешілердің көңілінен шықты. Осылайша 13:12 есебімен қазақ фристайлшысы жеңіске жетті. Бұл да Дмитрий Рейхердтің осы студенттер жарысындағы екінші алтыны.

Тағы бір фристайлшымызды айтып өтуге міндеттіміз. Ол Павел Колмаков. Жас болса да аламан бәйгеде өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Өткен могулда қоржынға қола салған жігіт, сол ерлігін бүгін тағы қайталады. Үшінші орын үшін ол да ресейлікпен күш сынасты. Евгений Гедрович те осы бәсекеде фавориттердің бірі саналған, алайда қазақ жігітінен оза алмады. Нәтижесінде Павел Колмаков 20:5 есебімен басым түсіп, Универсиаданың қос қоласын иеленді. Жарайсың!

Алматыдағы дүбірлі доданың нағыз қызған шағында, кей спортшымыз үйлеріне қайтып, қуанышқа бөленіп жатыр. Дәлірек айтқанда, алтын жүлдегер Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек және "күміс" қыз Жібек Арапбаеваны шымкенттіктер дүркіретіп қарсы алды. Әуежайдан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қарсы алып, жеңімпаздарға ізгі тілектерін білдірді: "Сіздердің медальдарыңыз – біз үшін үлкен құрмет және қуаныш. Біздің жерлестеріміз алтын, күміс, қола медальдарымен бүкіл әлемге танылып, Қазақстанның туын көкке көтерді!", – деп ризашылығын білдірді. Бұдан соң жеңімпаздарға мерекелік концерт ұйымдыстырылды.

Жүлдегерлер де жерлестеріне алғыс білдіріп, "тіпті Сочи Олимпиадасынан оралғанда былай қарсы алмаған еді", – деп ойларымен бөлісті. Спортшыларды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдап: "Сіздер әуеге секіріп, қиын элементтерді көрсеткенде, бәріміз дем алмай, тұрып қалдық, өзіміз секіргендей қатты қобалжыдық. Бұл жүлде – ірі бәсекелерде жеңіп алған соңғы медальдарыңыз емес деп сенеміз, болашақта жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер!", – деп, ақшалай сыйақысын ұсынды.

Универсиаданың алтын жүлдегерлері Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек 3 млн теңге, ал күміс жүлдегер Жібек Арапбаеваға 2 млн теңге сыйақы табысталды.

Бүгін Алатау спорт кешенінде биатлоннан із кесіп жарысуда Қазақстан құрамасының қыздары жақсы нәтиже көрсете алмады. Спортшылар бұл сайыста төрт рет ату алаңынан өтті. Біздің қыздардан тек осы Универсиаданың алғашқы алтынын сыйлаған Алина Райкова ғана мергендігімен танылды. Оның өзінде 3 рет мүлт кетті. Ал Дарья Усанованың 8 оғы қиыс кетті. Тағы бір қызымыз Галина Вишневская бірінші айналымда бәскелестерінен біраз уақытқа қалып қойып, жарыстан шығып қалды.

Сөйтіп бұл сында қазақ қыздары жүлдесіз қалды. Бас бәйгені украиналық Надежда Белкина жеңіп алды. Орыс қыздары Ольга Шестерикова мен Лариса Куклина тиісінше 2 және 3-орындарды өзара бөлісті. Жалпы нәтиже мынадай болды:

1. Надежда Белкина (Украина) — 32:39.6 (0+0+2+1)
2. Ольга Шестерикова (Ресей) — +21.1 (1+0+1+0)
3. Лариса Куклина (Ресей) — +28.7 (0+1+1+2)

6. Дарья Усанова (Қазақстан) — +1:15.4 (2+2+3+1)
7. Алина Райкова (Қазақстан) — +1:26.2 (0+0+1+2)
10. Анна Кистанова (Қазақстан) — +2:26.7 (1+2+2+2)
13. Елизавета Бельченко (Қазақстан) — +3:11.9 (1+2+1+1)
18. Анастасия Кондратьева (Қазақстан) — +5:38.2 (0+0+2+3)
DNF. Галина Вишневская (Қазақстан).

Коньки тебуден әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында жаңа рекорд жасалғанын айтпасқа болмас. Медеу таблосында 5000 метрлік қашықтықта секундомер 7:20.11 минуттық жаңа рекордты көрсетті. Бұл рекордты кеше ғана 3000 шақырымда алтын медальді жеңіп алған Беларусь елінен келген конькиші Марина Зуева жасады. Беларусь қызы бұл жолы да азиялықтардан оқ бойы озып шықты.

1. Марина Зуева (Беларусь) – 7:20.11

2. Нене Сакаи (Жапония) – 7:35.14

3. Лим Юнг Со (Оңт.Корея) – 7:49.09

Осыған дейін Медеу мұз айдынындағы рекорд 1986 жылдан бері жаңартылмапты. Сол жылы неміс конькишісі Андреа Эриг 7:20.99 минут нәтижемен рекорд жасаған болатын.

Ал қазақтардың әйгілі катокта алтын медаль алатын күні туар ма екен деп армандап келеміз.

4 ақпан сағат 11:00-де – 1000 м әйелдер, 10 000 м ерлер жарысы;

5 ақпан 11:00 – эстафета әйелдер, эстафета – ерлер;

6 ақпан 11:00 – масс старт әйелдер, масс старт ерлер бәсекесінде жүлделер сарапқа салынады.

Дәл қазір "Алматы Арена" спорт сарайында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасында жарыс өтіп жатыр. Денис Тен қысқа бағдарламада қатесіз төрттік тулуп жасап, 94,9 ұпайға ие болды. Сөйтіп жалпы есепте 1-орында келе жатыр.

Универсиада жалғасады. Қазір Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 8 алтын, 2 күміс 8 қоламен екінші орында келеді.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу