Қазақстандық команда құрамында Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина болды. Бұл спорт түрі бойынша бірінші орынды Финляндия құрамасы иеленсе, күміс Норвегияға бұйырды. Айта кетейік, бұл медаль қазақстандық спортшылар үшін Универсиададағы бесінші медаль болды. Универсиада 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Шаңғышыларымызбен қатар хоккейшілеріміз де нәтижелі өнер көрсетуде. Қаңтардың 21-нен 22-сіне қараған түні Қазақстан құрамасы Қысқы Универсиаданың жартылай финалдық матчын Канадаға қарсы өткізеді. Алдағы кездесуді QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Ойын кестесі:
22 қаңтар, 00:05 – Канада – Қазақстан
22 қаңтар, 22:05 - 3 орын үшін матч
23 қаңтар, 04:10 – Финал
Сонымен қатар бүгін биатлоншылар 12,5 шақырымдық сынға түсті. Қазақстан атынан Бекентай Тұрлыбеков, Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Вадим Куралестер қатысты. Олардың арасынан Кирилл Бауэр ең жақсы нәтиже көрсетіп, мәреге бесінші болып келді. Америкалық биатлоншы Бьорн Вестервельт алтын, украиналық Дмитрий Грущак күміс, польшалық Войцех Яник қола жүлдегер атанды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы медальдық есепте үздік 10-дыққа енді. Бес медаль – үш алтын және екі қоламен Қазақстан тоғызыншы орында. 19 алтын, 15 күміс, 6 қола медальмен Жапония көш бастап тұр. Екінші орында – Оңтүстік Корея – 7 алтын, 5 күміс, 5 қола. Үздік үштікті қазіргі уақытта Польша түйіндеп тұр – 4 алтын, 5 күміс және 6 қола.
Қазақстандық спортшылардан биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Турлубеков, Данил Васильев алтын медаль, биатлоншы Александр Мухин мен шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы қола медаль жеңіп алды.