Универсиада: Бақ шаба ма, бап шаба ма?

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
2216

Облыстық бюджеттен дайындық жұмысына 587 млн теңге бөлінді.

Универсиада: Бақ шаба ма, бап шаба ма?

XXVIII дүниежүзілік Қысқы универсиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаты Алматы аренада өтеді. 28-ші қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында жалауын желбірететін жарысқа 55 елдің 2 мың спортшысы қатысады. Сайыс  қалыптасқан дәстүр бойынша алау эстафетасымен басталады.

Қысқы Азия ойындарынан кейін араға 6 жыл салып қайта тұтанғалы тұрған алау 28-ші қаңтар күні еліміздің барлық облысын басып өтіп, 29-ы күні Алматыға келеді. Ал Талдықорғандағы алау Жастар  спорт саябағында тұтанады.

Қазір Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалым-ұстаздары алау құтысының от шығару мүмкіндігін сынақтан өткізіп жатыр.

"Жетісу жерінде алау эстафетасын 60 алаугер алып жүреді. Ел алдына жаңа есімдер шығады. Олардың киетін киімі, алып жүретін құтысы сақадай сай тұр. Қаланың көрнекті жеріне 50 билборд пен 500-ге жуық жалауша ілінеді", – дейді Алматы облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев.

Оның айтуынша, алаугерлердің арасында бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, балуан Нұрмахан Тінәлиев, Рио паралимпиадалық ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшы Ибраһим Берсанов бар. Бұйыртса, зілтемірші Карина Горичеваның да есімі тарих жылнамасына алау эстафетасының қатысушысы деген атпен жазылғалы тұр.

"Талдықорғандағы Алау эстафетасына қатысатын алаугерлердің жол бойындағы қауіпсіздігіне арнайы бекітілген 8 адам жауапты болады. Осы шараның  дайындық жұмысына облыстық бюджеттен 587 млн теңге бөлінді. Қаржының басым бөлігі қауіпсіздік шарасына жұмсалады.

Мысалы биатлон кешеніне 4 мыңға жуық көрермен жиналады. Оларды орналастыру, жарысты алаңсыз тамашалауына жағдай жасау жұмысына  ұйымдастырушылар жауап береді.

Алматы – Табаған – Алматы  шаңғы биатлон кешені аралығындағы жол бойының тәртібін қадағалауға Ішкі істер саласының 50 қызметкері жұмылдырылады. Ал төтенше жағдайды қадағалауға 1 мыңнан астам адам тартылады", – дейді Тұратбек Шарапиев.

Естеріңізде болса, Алматыда өткен  Қысқы Азияда ойындарында құжат тексеру және көрерменді биатлон кешеніне орналастыру кезінде полиция қызметкерлері мен халық арасында түсініспеушілік туды.

Осы жолы қателікке жол бермес үшін ұйымдастырушылар тас-түйін дайындалып жатқан көрінеді. "Табаған кешенінде өтетін қоссайысқа 170 спортшы қатысады. Биатлон мен шаңғы тебудің 3 түрінен ұйымдастырылатын сайыста 343 спортшы бақ сынайды. Біз намысымызды қорғайтын Вячеслав Бочкарев, Расул Гайрбеков, Абзал Кәрішалов, Абзал Рақымғалиев, Ситора Аллиарова және Темірлан Іргебаев сынды спортшыларға үміт артамыз. Бүгінде олар жарысқа қызу дайындалып жатыр. Өткен жылдың қараша айында Алматы облысы әкімінің Универсиадаға қатысты арнайы үкімі шыққан болатын. Соған сәйкес, спортшылардың жарысқа дайындалуына барлық жағдай жасалды. Алда сын сағат тұр. Бақ шаба ма, бақ шаба ма, оны уақыт көрсетеді. Десек те ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!" – деді Алматы облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу