Университетте көшбасшы болған жастар базарда жүр

3552

Түркістан облысында "Алтын қор" үздік бітірушілерге арналған жастар жобасы жастарды кадрлық іріктеуге бағытталған жазғы лагерьдің кезекті кездесуін өткізді.

Университетте көшбасшы болған жастар базарда жүр

Жиында Түркістан облысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев жастармен жүздесіп, мемлекеттік қызмет жайлы ақпарат берді. Мемлекетке қызмет етуге шақырды.

Алайда жастар жағы жоғарғы оқу орындарындағы көшбасшы студенттер дипломын қолына алғаннн кейін мемлекетке емес, базарға жұмыс істеуге кетіп жатқанын алға тартты.

"Кейбір нағыз көшбасшы жігіттеріміз сауда да жүр. Сол жігіттермен сөйлесіп, әкімдікке, мемлекеттік қызметке кір десек, олардан еститін жауабымыз әкімдіктің айлығы аз. Жанұямызды асырауға жетпейді дейді. Осы мәселені қалай шешуге болады", – дейді ОҚМУ-нің 4-курс студенті Жасұрбек Жұматаев.

"Қазіргі таңда, мемлекеттік қызмет саласындағы жалақыны көтеру мәселесі қолға алынып жатыр. Мына ФБША – факторлы балдық шкала бірқатар мемлекеттік органдарда, бірқатар облыстар мен қалаларда енгізілген. Атап айтар болсақ, Мемлекеттік қызмет істер агенттігі, Әділет министрлігі,  Астана мен Маңғыстау облысы, Шымкент пен Алматыда. Яғни, Маңғыстау облысын алар болсақ, біздің облыстағы ең төменгі жалақы ауыл әкімдігіндегі жетекші маманында 50 мыңның үстінде болса, ол жерде 100 мыңның үстінен басталады. Яғни, екі есе көтерілген. Егер аз адаммен сол жұмысты атқара білсеңдер, онда қалған қысқартылған штатты ешкім тартып алмайды. Содан үнемделген қаржыны басқа мемлекеттік қызметшілер арасында бөліп отыруға рұқсат берген. Біздің департаментте  бас маман бұрын 90 мың теңге алса, қазір үнемдеудің арқасында  270 мың теңге айлық алады. Ол өте жоғары жалақы деп ойлаймын", – деді Ғалым Тұрсынбаев. 

Айта кетейік,Түркістан облысында  "Алтын қор" үздік бітірушілерге арналған жастар жобасы 2003 жылдан бастап  жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп мемлекеттік қызметке ынтасы бар жастарды қолдау мақсатында кадрлық резервті жасақтау жұмыстарын атқарып отыр.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу