Университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар қайта қаралуы мүмкін

560

Үкімет білім саласында ауқымды өзгерістер әзірледі.

Университеттерге түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар қайта қаралуы мүмкін Фото: canva.com

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жоғары білім беру саласында қандай шаралар іске асырылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру бойынша әлеуметтік салада келесідей нақты шаралар іске асырылатын болады. Жоғары білім беру саласы. Біріншіден, елімізде өз филиалдарын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысын біріздендіру. Осы ретте қазан айының соңына дейін министрлік бірыңғай талаптар қабылдайтын болады. Атап айтқанда, оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарын, оқыту технологиясын және студенттердің білімі мен біліктілігін бағалау  механизмдерін трансферлеу қарастырылады", - деді Тамара Дүйсенова.

Келесі бағыт – отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейту. 

"Осы мақсатта келер жылдың 1 сәуіріне дейін жоғары оқу орындарының білім сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылмақ. Бағалау критерийлерінің негізі ОЭСР елдерінің тәжірибесіне негізделетін болады.  Бағалау нәтижесі бойынша жоғары оқу орындары жоғары, орташа және мақсатты лигаларға жіктелетін болады. Үшінші бағыт – білім беру гранттарына қатысты. Алдағы жылдарда гранттар жоғары оқу орындарының кіретін лигасына қарай және ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл алған, бірақ конкурс аясында өте алмай қалған түлектерді қолдау мақсатында сараланатын немесе дифференциаланатын болады. Сонымен қатар, осы өзгерістер аясында жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін шекті балдар да қайта қарастырылады", - деді Премьер-Министр орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу