Университеттің жері "қайда кетті"?

2462

Әлеуметтік желілерде  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі жерлер жеке тұлғаға сатылыпты-мыс деген ақпарат гулеген еді.

Университеттің жері "қайда кетті"?

Осыған қатысты аталған білім ордасы www.kaznu.kz сайтына ресми жауабын жариялады.

"Bazarbek&Partners" заңгерлік компаниясының директоры, жер мәселесінің басы-қасында жүрген белгілі заңгер Бақытжан Базарбек өзінің фейсбуктегі парақшасында "ҚазҰУ жері қайда кетті?" деген үш материал жариялады. Автор онда Алматы қаласын әр жылдары басқарған әкімдердің осы жерге қатысты қаулылары жөнінде нақты деректер келтіре отырып, университетке тиесілі болған жерлерге қатысты түсініксіз жайттар көп екенін алға тартты. Заңгер мәселенің анық-қанығын анықтап, арнайы материал әзірлейтінін де айта кеткен.

Бақытжан Базарбектің бұл жазбасы көпшілікті бей-жай қалдырған жоқ. Іле-шала белгілі тележурналист, продюсер Серік Абас-шах өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, онда "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты жерлердің коммерциялық мақсатта қолданылуына тыйым салуыңызды сұрай келе, жерді беру жөніндегі 2012 мен 2017 жылдар аралығындағы заңсыз шешімдерді жоққа шығаруыңызды өтінеміз" деді. Сондай-ақ, ол "Әл-Фараби даңғылының бойындағы бей-берекет салынған құрылыс нысандарының салдарынан алматылықтардың таза ауада серуендейтін жерлері де азайып бара жатқанына" алаңдаушылығын білдірген.

Алайда әлеуметтік желілердегі қызу талқылауды университет басшылығы "Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қатысты жеке тұлғалар тарапынан мақсатты түрдегі ақпараттық шабуыл" деп түсінген сыңайлы.  Білім ордасының ресми сайтында жарияланған баспасөз хабарламасы соны меңзейді. "Кейінгі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қатысты жеке тұлғалар тарапынан мақсатты түрде ақпараттық шабуыл жасалуда. Атап айтқанда, YouTube интернет-ресурсында белгісіз тұлға Рокки Балбо деген лақап атпен ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатыпты-мыс деген видео хабарлама жариялаған. Содан кейін бұл материалды М.Козачков өзінің Telegram каналында тарата бастады. Осы тақырыпта блогер Б.Ж.Базарбек Facebook әлеуметтік желісінде пост жариялады. Осылайша, университет пен оның басшылығының беделін түсіруге бағытталған жағымсыз пікірлермен жағдайды мақсатты түрде ушықтыру белең алуда" делінген хабарламада.

Университет басшылығы жер мәселесіне қатысты түсінік те бере кетті: "Біріншіден, университет пен ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім берген жоқ және де жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетерлік жайт, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ. Екіншіден, ҚР Жер Кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ "Мемлекеттік мүлік туралы" ҚР Заңының 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Жоғарыда аталған заңдардың баптарында шешімдер қабылдау тәртібі заңнамалық түрде айқындалған, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке-дара шешім қабылдау тәртібі алынып тасталған. Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке-дара жүзеге асыра алмайды", – дейді университеті өкілдері.

ҚазҰУ басшылығы жер учаскелерін беруге қатысы бар деген жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейтінін айта келіп, жоғарыда айтылғандарға байланысты құқық қорғау органдарына шаралар қабылдау туралы өтініш жолданғанын да хабарлаған.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу