ҰОК және ҚБФ әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттады

1367

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 6 қарашада Белградта аяқталған әлем чемпионатында жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов әлем чемпиондары атанса, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс жүлдеге, Абылайхан Жүсіпов қола жүлдеге ие болды.

ҰОК және ҚБФ әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттады

Бүгін Алматы қаласында Ұлттық Олимпиадалық комитет пен Қазақстан бокс федерациясы бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетті. Спортшылар мен жаттықтырушылар, ғылыми-кешенді топтың мүшелері әлем чемпионатын нәтижелі аяқтағаны үшін ақшалай сыйақыға ие болды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысты.

Боксшыларға ақшалай сыйлықтарды Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев табыс етті. Әлем чемпиондары әрқайсысына 70 мың АҚШ долларынан, күміс жүлдегерлерге 50 мың доллардан, қола жүлдегерлерге 25 мың АҚШ долларынан табыс етілді. Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов, әлем чемпиондарының жеке бапкерлері Қуанышбай Көкішев пен Мырзағали Айтжанов 10 мың АҚШ долларын алды. Күміс жүлдегерлерінің жеке жаттықтырушылары Ілияс Оралбеков пен Азамат Мақажановтың – 8,5 мың доллар, қола жүлдегердің жеке жаттықтырушысы  Бауыржан Аманбаевтың – 5 мың доллардан табысталды.

"Бокс – біздің елімізде ұлттық спорт түріндей саналады. Бізде әрқашан ұрпақтар сабақтастығы бар. 2009 жылы Тимур Құлыбаев Федерация тізгінін ұстағанда, мен вице-президент болдым. Біз сол кезде құрылған жоспардың негізінде жұмыс жасап келеміз. Белградтағы әлем чемпионатына келсек, жаңартылған құрам сәтті өнер көрсетті. Бізге алға қойған мақсатымзға жеттік және бокс сүйер қауымның да көңілінен шықтық деп есептеймін. Спортшыларымызды Белградтағы жетістерімен құттықтаймын. Сонымен Ұлттық Олимпиада комитетіне боксшыларымызды қолдағаны үшін алғыс білдіремін!" – деді өз сөзінде ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.

Сондай-ақ жүлделер жаттықтырушылар құрамының өкілдеріне, кешенді ғылыми топ мамандарына, әлем чемпионатына қатысқан басқа да спортшылар мен команда мүшелеріне берілді.

"Барлық боксшылардың атынан Мемлекет басшысына спортшыларға қолдау көрсетіп, елімізде спортты дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін, сондай-ақ жаттығу жұмыстары мен жарыстарға қатысуымызға барлық жағдай жасап, ел намысын абыроймен қорғауға жігерлендіріп отырған біздің бокс федерациямыз бен Ұлттық Олимпиадалық комитетіне алғыс білдіргім келеді. Біздің әрқайсымызды алып қарасаңыз да, әлем чемпионатына басқа да қатысушылар сияқты тек жеңіс үшін аттандық. Бәріміз бірдей үмітті ақтай алмасақ та, ел намысын абыроймен қорғадық деп ойлаймын. Қазіргі таңда спортшылардың бәріне жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барлық жағдай жасалғанын білеміз және бұдан кейін жаттығуымызды күшейтіп, бұдан да биік белесті бағындырып, қазақстандықтарды қуантуға барымызды саламыз. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймын!" – деді бокстан құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов.  

Айта кетерлігі, 2022 жылы боксшылар күнтізбесінде үш маңызды дода бар. Олар Азия чемпионаты, 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты және де ең басты дода қыркүйекте Қытайдың Ханьжоу қаласында жоспарланған Азия ойындары.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу