Бастапқыда бәрі ойдағыдай өрбіді. Қазақстандық хоккейшілер ойын тізгінін бірден өз қолына алып, қарсыластың қақпасын екі мәрте дәл көздеді.
Алдымен Кирилл Панюков 21-минутта есеп ашса, араға 10 минут салып Аркадий Шестаков басымдығымызды нығайтты – 2:0. Ел намысын арқалаған жігіттер жігер танытып, жанкүйердің үмітін ақтайтындай көрінген.
Алайда бәрі өзгеріп сала берді. Кездесудің екінші жартысында Словения құрамасы ерлікке бастады. Қарсы шабуылдар үдей түсті. 37-минутта Филип Ситар есепті қысқартты. 44-минутта Матич Торок таразы басын теңестірді. Ал 53-минутта Рок Капел шешуші шайбаны соғып, матч тағдырын түбегейлі өзгертті. Қазақстандықтар жауап қайтара алмады.
Бұл жеңіліс жай ғана есеп емес. Бұл – ескерту. Бұл – дабыл. Әлем чемпионаты алдында мұндай сүріну құрамаға ойлануға, қорытынды жасауға, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беруі керек.
Айта кетейік, 2025 жылғы хоккейден әлем біріншілігі Швеция мен Данияда өтеді. Қазақстан құрамасы өз ойындарын Данияның Хернинг қаласында өткізеді.
В тобында біздің елдің қарсыластары – Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, АҚШ, Германия және Венгрия. Алғашқы ойын 10 мамыр күні Норвегияға қарсы өтеді.
Алда тартысқа толы матчтар күтіп тұр. Жолдастық матчтан сабақ алып, нағыз шайқастарда ел намысын абыроймен қорғауға ұлттық құраманың қауқары жететініне сенім зор.