Уран қоймасы: Қазақстанның міндеттері мен мүддесі

4510

22 қарашада Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) арасындағы Қазақстан Республикасында АЭХА-ның төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Уран қоймасы: Қазақстанның міндеттері мен мүддесі

Үлбі металлургия зауытында сақталатын төмен байытылған уран қоры он жылдық келісімшартпен сақталады. Егер Қазақстан одан кейін де осы жобаға қызығып жатса, келісімшарт уақытын созуға мүмкіндік бар.

Бір айта кетерлігі, елімізде сақталатын уран қоры осы он жыл ішінде алынбауы да мүмкін. Тек әлемде атом энергетикасы тапшы болып жатқан кезде ғана АЭХА ұйымы өзіне тиесілі уранды тиеп алып кетеді. "Бұл тұрғыда еліміздің экологиясына уран сақтағаннан келетін ешқандай да кесір жоқ", – деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда халық арасында осы жоба туралы орынсыз алып-қашпа пікірлер бар. "Бұқара халық уран қорын сақтауды әлемдегі уран өндіруші мемлекеттер біздің елге әкеп өндіріс қалдықтарын төгеді деп түсінеді. Бұл тіпті негізсіз пікір. Арнайы контейнерге салынып тасымалданатын төмен байытылған уран аса үлкен сақтықпен күзетіледі. Тіпті бұл міндеттеме ұлттық ұланның жауапкершілігіне жүктеледі. Төмен байытылған болғандықтан бұл қойманы алуға лаңкестер мүдделі болмайды", – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

"Жаман айтпай, жақсы жоқ", екіжақты құжатқа сай, қандай да бір оқыс оқиға бола қалған жағдайда АЭХА өзіне ешқандай жауапкершілік алмайды. Өйткені, тарихта ондай жағдай болмағандықтан, өзара құжатқа ондай бап енгізілмеген де көрінеді. Осыдан бірнеше ай бұрын Мәжілісте осы заң жобасы талқыланған кезде, эколог Мэльс Елеусізов жалпы уран қорын сақтаудың қоршаған орта мен жергілікті халықтың денсаулығына ешқандай да зиян бермейтінін айтқан еді.

Дегенмен, эколог Ресейдегі осындай қоймаға АЭХА елдері өндіріс қалдықтарын әкеп көмген кездерінің де болғанын алға тартып, мұндай жағдай егер бізде қайталанса, табиғаттың ядролық зақымдануына әкеп соғатынын мәлімдеген еді.

"Энергия Әлемі" ЖШС бас директоры Кенжемұрат Дүкенбаев бұл жобаның Қазақстанға берері мол екенін айтады. "АЭХА ұйымымен арадағы бұл келісімді өз басым осы саланың маманы ретінде қос қолдап қолдаймын. Бұл жоба бірінші кезекте біздің Үлбі металлургия кәсіпорнына атом энергетикасын пайдаланудың мәдениетін қалыптастырады. Онсыз да біз әлемдегі атом өндірісі жағынан екінші орындағы мемлекетпіз. АЭХА ұйымы болмаса да, ерте ме, кеш пе, мұндай қойма өзімізге де керек болар еді. Сондықтан мұнда тұрған ештеңе жоқ, келісімдегі көрсетілген шарттар толығымен орындалса, қоршаған ортаға ешқандай да зиян келмейді", – дейді Дүкенбаев.

Сонымен қатар Кенжеғали Дүкенбаев Қазақстанның экологиясына тікелей қауіп төндіруі мүмкін жобалардан халық болып бас тарта білгенін алға тартты. "Бір кезде Балқашта Ресей атом электр станциясын салмақ болды. Тіпті осы мақсатта билікті де көндіріп, қысым көрсетуге дейін барды. Бірақ, біз өз мүддемізді қорғай білдік. Нәтижесінде орыстар атом станциясынан бас тартып, қазір көмір электр станциясын салмақшы болып жатыр", – дейді Кенжеғали Дүкенбаев.

Жалпы, уран қорын сақтау үшін Шығыс Қазақстандағы Үлбі металлургия зауытының таңдап алынуы тегін емес көрінеді. Бұл зауыт кеңес үкіметі тұсында да уран өңдеуде республикада алдыңғы қатарлы зауыттың бірі болыпты. Созақ және Шиелі аудандарындағы өндірілген уран қоры осында сақталып келген екен.

Осы орайда депутат Мұрат Бақтиярұлы еліміздің уран өндіруден екінші орын тұрғанына қарамастан, энергияның осы көзін тұрмысқа жарата алмай отырғанымызға қынжылатынын жасырмады. Оның айтуынша, уран қоймасын сала отырып еліміз АЭХА технологиясымен етене жақын танысып, алдағы уақытта уран шикізатын өңдеу жолдарын меңгеруге мүмкіндік алатынын айтты.

Уран қоймасын салу Қазақстанға не береді? – деген сұраққа сенатор тек қана осы сала технологиясын игеруге мүмкіндік пайда болатынын айтады.

Ал қаржылық жағына келер болсақ, аталған қойманы ұстап отыру үшін АЭХА қаражат бөлмейтін болып шықты. Қойманың бір жылдық шығыны 30-40 млн теңге болса, мұны Үлбі металлургия зауыты өз мойнына алмақ.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары бірауыздан қолдаған "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы енді Сенаттың пленарлық отырысында депутаттардың ақырғы рет қарауына түспекші.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу