Уранға деген сұраныс артып келеді

6397

"ҚазАтомӨнеркәсіп" бірінші тоқсанның қорытындысын жариялады. 

Уранға деген сұраныс артып келеді

Энергетика саласындағы жаңа трендтер уран өндірушілердің көңіліне майдай жағып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі

2021 жылдың бірінші тоқсанында күш-жігердің көп бөлігі COVID-19-ға қарсы жаппай жаһандық вакциналауға бағытталды. Бұл атом саласындағы кәсіпорындар үшін жағдайдың тезірек тұрақтануына жол ашатын науқан болып отыр.

"ҚазАтомӨнеркәсіп" компаниясының алғашқы тоқсандағы есебі осындай тұжырымдармен басталған. Оның үстіне Америка Құрама Штаттарының Париж келісіміне қайта кіруі энергетика саласындағы көмірсутектің үесін төмендетуі мүмкін деген болжамдардың қаттырақ айтылуына түрткі болды.

АҚШ-тағы бетбұрыс

"Ядролық энергетиканың негізгі аймақтарының саясатындағы оң өзгерістер осы сектордың іргелі перспективасына сенімді нығайтты. Әлемдегі парник газы шығарындыларының шамамен 15%-ын құрайтын Америка Құрама Штаттары 2020 жылдың қарашасында қайтадан Париж келісіміне ресми түрде кірді. Париж келісімі ХХІ ғасырда жаһандық температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейден 2°C-тан төмен деңгейде ұстап тұруға және температураның өсуін 1,5°C-қа дейін шектеуге бағытталған",– деп жазылған қорытындыда.

АҚШ-тың қазіргі Президенті Джо Байденнің "жұмыс орындарын құру жоспарына" елдегі коммерциялық АЭС-тер көмегімен  байытылған ядролық реакторларды дамыту, сол арқылы таза электр энергиясын өндіруге ынталандыру шаралары басым бағыт ретінде кіріп отыр.

Ал Қытай үкіметі 14-ші бесжылдық жоспарын ратификациялады. Бұл құжатта елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту ісінде атом саласының орны ерекше екені нақты айтылған. Оңтүстіктегі көршіміз ядролық энергетиканы белсенді қолдай отырып, елдегі энергетикалық қуаттарды 2020 жылмен салыстырғанда 40%-ға ұлғайтуды көздеп отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай ядролық энергияның жалпы қуатын 70 ГВт-қа жеткізу керек деген меже қойылған. Ал 2030 жылға қарай бұл меже шамамен 100 ГВт-қа жетуі керек.

"2021 жылғы 21 сәуірдегі хабарламада Еуропалық комиссия наурыз айында Еуропалық одақтың Тұрақты таксономиясына ядролық энергияны қосатынын мәлімдеді", – деп жазады "ҚазАтомӨнеркәсіп" сарапшылары. Еуропаның да қайтадан ядролық энергетикаға көңіл бөлуі уран өндірушілер үшін жағымды жаңалық болып отыр.

Ал Ресей Жасыл жобалардың ұлттық таксономиясы жобасына атом энергетикасын қосты. "Росатом" елдің энергия теңгеріміндегі атом энергетикасының үлесін 2045 жылға қарай 20%-дан 25%-ға дейін ұлғайту жөніндегі жоспарын жариялады.

Польша үкіметі 2030 жылға дейін энергия балансындағы көмірдің үлесін 72%-дан 56%-ға дейін қысқартпақшы.

"Бұл елдің стратегиясы бойынша 2043 жылға қарай жалпы қуаты 6-дан 9 ГВт-қа дейінгі III немесе III+ буынды энергия блоктарын салу көзделген. Ал қуаты 1-ден 1,6 ГВт-қа дейінгі энергия блоктарының алғашқысы 2033 жылы пайдалануға берілетін болады",– деп жазады "ҚазАтомӨнеркәсіп" мамандары.

Қазақстандық алпауыт компания келтірген болжамның бәрі орта және қысқа мерзімді жоспарлар негізінде жасалғанын ұмытпау керек. Дегенмен, осы деректер қазірдің өзінде уран нарығындағы сұранысқа қан жүгірте бастаған сыңайлы.

Реакторлардың саны артып келеді

Үндістанның Атом энергиясы департаментінің мәліметі бойынша, Какрапар атом электр станциясының №3 энергоблогы, Үндістанда өндірілген алғашқы 700 МВт-тық ауыр сулы реакторы Үнді электр желісіне қосылды. 2022 жылы осындай екінші блок – қуаты 700 МВт-тық №4 энергия блогы пайдалануға берілетін болады.

Пәкістанның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясы Карачи атом электр станциясының №2 энергия блогы елдің энергия жүйесіне қосылғанын хабарлады. Бұл – Hualong One типті қысыммен жұмыс істейтін алғашқы халықаралық Қытай реакторы.

Ал Түркияда Мерсин провинциясының "Аккую" АЭС-інде №3 энергия блогының құрылысы басталды. "Аккую" АЭС-інің "ВВЭР-1200" типті реакторлары бар төрт энергия блогы "Росатом" жасап шығарған ресейлік жоба бойынша салынып жатыр. АЭС-тің бірінші энергия блогы 2023 жылы қолданысқа берілуі керек.

Наурыздың соңында Хайнань провинциясында екі Hualong One реакторымен жабдықталатын Чанцзян АЭС-і  құрылысының екінші кезеңі басталды.

Украинаның Мемлекеттік ядролық реттеу инспекциясы Запорожье АЭС-інде №5 энергия блогын пайдалану лицензиясын 10 жылға ұзартуды бекітті. Жаңа лицензия "ВВЭР-1000/В-320" типті реактордың пайдалану мерзімін 2030 жылғы мамырға дейін ұзартады.

Испанияда да энергетика саласын реттеуші орган 2030 жылдың қараша айының соңына дейін Iberdrola компаниясының Кофрентес АЭС-інде қуаттылығы 1064 МВт болатын реактордың қолданылу мерзімін ұзартты. Мұның бәрі энергетикалық отын деңгейінде байытылған уранға деген сұраныстың артпаса, түспейтінін көрсетеді. Ал "ҚазАтомӨнеркәсіптің" негізгі өнімі осы – ядролық реакторларға қажетті отын.

Спот нарығы

"Қазатомөнеркәсіптен уран сатып алу бойынша Yellow Cake PLC компаниясының нарықтық бағасы 100 млн АҚШ долларға сатылғанын ескере отырып, дәстүрлі емес сатып алушылардың қысқа және орта мерзімді сатып алуының жиынтық көлемі тоғыз млн фунттан U3O8 (U – 3 500 тонна) асты",– делінген тоқсандық есепте.

Уран нарығында негізгі ұсыныс берушінің бірі болып саналатын "Рио Тинтоның" еншілес кәсіпорны Аустралияның солтүстігіндегі Рейнджер кенішін қайта өңдеуді тоқтатып, қолданыстан шығаратынын растады.

Бұдан бөлек, Нигерде 43 жыл бойы үздіксіз игерілген Акута кенішінде уран өндіру қызметі тоқтатылды.  

Cameco Corporation және Orano Canada мәліметтері бойынша, Канаданың Сигар-Лейк уран кенішіндегі және МакКлин-Лейк өңдеу кәсіпорнындағы жұмыс екінші тоқсанда қайта басталмақ. Бұл кәсіпорындардың COVID-19 індетіне байланысты қызметі 2020 жылдың желтоқсанында уақытша тоқтатылған болатын.

Сондай-ақ, Honeywell корпорациясы 2023 жылдың басында АҚШ-тағы уранды конверсиялайтын жалғыз кәсіпорын Metropolis Works кәсіпорнында өндірісті қайта бастайтынын жариялады. Әлемдік нарықта уран гексафторидінің (UF6) артық ұсынылуына байланысты кәсіпорынның қызметі 2018 жылы уақытша тоқтатылған еді. Яғни аталмыш өнімнің бағасы қайта көтерілді деген сөз.

Бірінші тоқсанның көп бөлігінде споттық нарықта U3O8 өнімінің 1 фунты үшін баға 30,20 доллардан үшін 27,35 долларға дейін төмендеді. Алайда, наурыздың екінші жартысында U3O8 фунты үшін спот бағасының 30,60 АҚШ долларына дейін өсті.

"Үшінші тарап көздерінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың алғашқы үш айында спот-транзакциялар көлемі 2020 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен сәл асты. Шамамен U3O8 өнімінің 1 фунты үшін баға 29,12 доллар болды. 2020 жылдың бірінші тоқсанында бір фунт үшін баға 24,76 доллар болатын", - деп жазады "ҚазАтомӨнеркәсіп" мамандары.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу