Үрей, үміт, қарсылық: пандемия жайлы дәйексөздер

7802

Ғаламдық коронавирус эпидемиясының басталғанына жарты жыл.  

Үрей, үміт, қарсылық: пандемия жайлы дәйексөздер

Осы уақыт ішінде бұл инфекцияны 10 миллионнан астам адам жұқтырып, жарты миллионнан астамы о дүниелік болды. Назарларыңызға соңғы алты айда COVID-19 туралы айтылған кейбір цитаталарды ұсынамыз.

БРАЗИЛИЯ

– Президент Жаир Болсонару

Наурыздың 24-і:

"Өзімнің спортшы болғанымды ескерсем, егер мен бұл вирусты жұқтырған болсам, оған бола қам жемес едім. Ештеңе сезбестен, оны әрі барса болмашы ғана тұмау немесе суық тиді деп қабылдар едім.

Наурыздың 29-ы. Болсонарудың ел астанасы Бразилианың шетіндегі кварталды  маска тақпай аралағаннан кейінгі сөзі:

"Бұл – шындық. Вирус бізге де жетті. Оны қарсы алуға тиіспіз, бірақ, атаңа нәлет, балаша емес, еркекше қарсы алуға міндеттіміз. Бұл инфекциямен шынайы күресеміз. Дегенмен, бұл – өмір ғой. Бір күні бәріміз бәрібір өлеміз".

Сәуірдің 28-де журналистер Бразилия басшысына вирустан қайтқандардың саны туралы сұрақ қойғанда, президенттің оларға берген жауабы мынадай болды: "Өкінішті, бірақ, маған не істе дейсіздер?"

ҰЛЫБРИТАНИЯ

–  Премьер-министр Борис Джонсон

Наурыздың 3-і:

"Дәл қазір, өзім ескерткен барлық жайттарды қоспағанда, мен бір нәрсені айтқым келеді: халқымыздың басым бөлігі үшін біз өз ісімізбен әдеттегідей айналысып жүре беруге тиіспіз".

Мамырдың 2-сі. Қатты науқастанған Джонсон COVID-19-дан айығып, Sun газетіне сұқбат беріп, пандемия туралы мүлде өзгеше пікір білдірді:

"Бұл сәт ауыр тиді. Оны жоққа шығармаймын. Тіпті "Сталиннің өліміне" әзірлену тәрізді сценарий дайындалған. Керемет халде болдым деп айта алмаймын. Оқыс жағдайға жоспар әзірлегендерін білемін".

ҚЫТАЙ

– Чжун Наньшан, Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссияның коронавирустың өршуін тергеу тобының жетекшісі:

Ақпанның 11-і:

"Біз білмейміз, неліктен бұл ауру жұқпалы. Үлкен проблемаға тап болдық".

–  Президент Си Цзиньпин

Ақпанның 23-і:

"Жаңа коронавирустық пневмонияның өршуі экономика мен қоғамға салыстырмалы түрде үлкен әсер етпей қоймайды... Біз үшін бұл – дағдарыс әрі зор сынақ".

ИТАЛИЯ

– Сильвия Бертулетти, 48 жаста, Италияның солтүстігіндегі Бергамо қаласынан. Оның 78 жастағы әкесі COVID-19-дан наурыздың 19-да қайтыс болды.

Сәуірдің 5-і:

"Менің әкем үйінде көмексіз өлуге қалдырылғандай. Бізді ешкім керек қылмады. Мұндай қасіретке бірде-бір адам лайық емес"

Рикардо Мунда, Бергамо маңындағы госпиталь дәрігері:

"Мұндай жағдайға көптеген отбасылық дәрігерлер өз пациенттеріне бірнеше апта бойы бармағандықтан душар болдық. Және де мен оларды сол үшін сөге алмаймын. Өйткені, олар да қара бастарын ойлады ғой".

–  Италия премьер-министрі Джузеппе Конти.

Ақпанның 22-де Италияда коронавиурсты 280-нен астам адам жұқтырып, жетеуі қайтыс болғаннан кейін:

"Италия саяхатшылық пен туризм үшін қауіпсіз, мүмкін өзгелердің көбімен салыстырғанда, ең қауіпсіз мемлекет болар".

Наурыздың 4-і. Италияда мектептер мен университеттер жабылып, вирус жұқтырғандар 3089-ға жетіп, 107 адам жан тәсілім еткеннен кейін үкімет басшысы Конти өзгеше мәлімдеме жасады:

"Біздің госпитальдеріміз тиімділігіне қарамастан  науқастарға толу қаупіне душар болып отыр. Сонымен қатар, бізде интенсивтік терапия бөлімдері тапшы".

РЕСЕЙ

– Президент Владимир Путин

Сәуірдің 8-і:

"Бәрі өткінші. Бұл да өтіп кетеді. Біздің еліміз талай ауыр сынақтарды бастан кешті: оны печенегтер де, половцылар да азаптады. Ресей осының бәрін еңсерді. Коронавирус инфекциясын да жеңеміз. Біріксек, бұ да артта қалады".

ИСПАНИЯ

– Қорғаныс министрі Маргарита Роблес

Наурыздың 24-і:

"Қарттар үйлеріне барғанда армия қызметкерлері кейде мүлде қараусыз қалған қарияларды көрген. Олар төсектерінде жатып, о дүниеге аттанып кеткен шығар деп ойлайсың".

Виктор Педрера, Испанияның порттық қаласы – Аликантедегі медициналық орталық дәрігері.

Сәуірдің 2-сі:

"Мүлде амалым таусылып отыр. Себебі, респираторлық симптомы бар адамдар үсті-үстіне түсіп жатыр... Бұл цунамидің жылжуына ұқсайды, толқынның төніп келе жатқанын көріп тұрса да, ешкімнің қолынан келер қайран жоқ".

ҚҰРАМА ШТАТТАР

– Арабиа Молетте, жедел жәрдем дәрігері, Нью-Йорк:

"Біз басымызды судың бетіне шығарып қойып, батып кетпей тұрған адам тәріздіміз. Қорқамыз. Бірақ, әрбір науқастың өмірі үшін күресе отырып, өз жанымызды сақтап қалуға да жанталасып жатырмыз".

– Президент Дональд Трамп

Қаңтардың 22-сі:

"Біз вирусты толық бақылауға алдық. Ол – Қытайдан жеткен бір адам. Оны назардан тыс қалдырмай, бағындырдық. Жағдай тамаша болады".

Ақпанның 27-сі:

"Ол жоғалады – бір күні сиқыршы тәрізді көзден ғайып болады.

Сәуірдің 23-і:

"Дезинфекциялық құралдың вирусты бір минуттың ішінде жоятынын айтады. Сол дезинфекцияны ішке жіберіп, тазалануға болмай ма? Себебі, бұл вирус өкпеге түсіп, оны қатты зақымдайды. Тексеріп көрсе қызық болар еді"

ВАТИКАН

– Рим Папасы Франциск

Наурыздың 27-сі:

"Қалың зұлмат алаңдарымызға, көшелерімізге, қалаларымызға жиналды. Ол өмірімізді жалмап, айналаға меңіреу тыныштық орнатып, өтіп бара жатқанның бәрін тоқтатып жатыр; біз оны ауадан сеземіз, үрейленеміз, байыз таппаймыз". 

"Адамдарды емдейік, ақшаны экономика үшін сақтамай, адамдарды емдейік, олар экономикадан маңыздырақ. Адамдар – Қасиетті рухтың храмдары, ал экономика олай емес".

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу