Ұрланған қаражат Қазақстанға қалай қайтарылады?

2313

Қазақстаннан 10-15 жылда жымқырылған 100 млрд теңгенің 30 пайызы ғана қайтарылыпты. 

Ұрланған қаражат Қазақстанға қалай қайтарылады?

24 қазан күні Астанада қазақстандық мамандарға арналған Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражатты қайтару тақырыбына арналған семинар барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко 10-15 жыл ішінде Қазақстаннан 100 млрд теңге қаражаттың заңсыз шекара асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінге дейін осы соманың 30%-ы елге қайтарылған көрінеді, яғни 30 млрд теңгесі.

Еске сала кетсек, өткен қыркүйек айының 9-ы күні Ақордада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 1 қыркүйекке дейін Қазақстанда 2,3 трлн теңгенің заңдастырлғанын мәлімдеген еді. Соның ішінде 800 млрд теңгесі мүлік күйінде заңдастырылса, қалған 1,5 трлн теңге – қаржы түрінде жарияланған.

Өз баяндамасында қаржы министрі сонымен қатар мүлікті жариялаудың кезекті науқаны аяқталғанша көлеңкелі экономикадағы тағы 300 млрд теңгенің заңдастырылуы мүмкін деп болжаған еді.

Ал белгілі саясаткер Петр Своиктің пікірінше, соңғы 10-15 жылда ұрланған 100 млрд теңге Бас прокуратура өкілі айтқандай үлкен сома емес. Бұл қаражат, деп санайды Петр Своик, тек ресми түрде ісі сотқа жетіп, Интерполдың іздеуіне салынған азаматтардың ғана қол қылған қаражаты.

"Әрине, Бас прокуратура құқықтық мекеме болғандықтан, бізге тек "ресми түрде ұрланған" қаражаттың көлемін жариялап отыр. Ал шын мәнінде шекарадан заңсыз өткен қаржы көлемі анағұрлым көп", - дейді Своик.

Саясаткер Мұхтар Тайжанның пікірінше, 100 млрд теңгенің ұрлануы өте ұсақ мәселе, тіпті ол туралы айтудың өзі орынсыз секілді. Ал экономист Меруерт Махмұтова прокуратураның бұл мәлімдемесін болған істі қазір тек жуып-шаю деп есептейді.

"Әрине, бүгінге дейін Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтің көлемі 100 млрд теңгеден анағұрлым көп. Бұл сома тек есеп беру үшін айтылған мәлімет. Жалпы, Қазақстанның шет елдерде жасырылған капиталының қайтарылмауы - бірінші кезекте - өзіміздің заңнамамыздың орындалмауы. Егер заңда айтылған қағидалар іс жүзіне асырылатын болса, оффшорлық есеп-шоттарды қайтару мәселесі былай тұрсын, ондай проблема болмас та еді", - дейді сарапшы-экономист. 

Ал Петр Своиктің айтуынша, Қазақстаннан қазына қаржысының заңсыз шығарылуына бірінші кезекте біздің құқықтық базадағы кемшіліктер мүмкіндік береді. "Қазақстандағы мемлекеттік компаниялардың барлығында дерлік шет елдерде оффшорлық есеп-шоттары бар. Және де мұндай есеп-шоттардың болуы біздің заңға қайшы емес", - дейді саясаткер.

Оффшорлық аймақтардың ешқандай елмен мәлімет алмасу туралы келісімге отырмайтынын ескерсек, ол жаққа аударылған қаражаттың да елге қайтарылмайтыны да анық. Осы орайда мемлекет аударылған қаражатты кері қайтарудың тетіктерін жетілдірместен бұрын, алдымен офшор аймақтарға қаржы ағымының алдын алуды жетілдіруі керек, дейді саясаткер.

Екіншіден, Своиктің айтуынша, мемлекеттің тұтастай экономикалық операциясы шет елдерде жүргізілуі де, бір жағынан, елдегі капиталдың шет елде қолды болуына түрткі болады. Экспорттық компаниялар, соның ішінде шикізаттық компаниялар шет елдің қор биржаларында саудаланады. Ал бұл сауда алаңдарында компаниялар бірінші кезекте сол елдің заңымен сауда жасайды. Сауда статистикасы мен салықтық мәліметтер елдің құзіретті органдарына берілмейді. Бұл аталған компанияларға белгілі бір деңгейде ұлттық заңнамадан тәуелсіздік алып береді.

Елдегі капиталдың сыртқы шықпауын қадағалау бір мәселе болса, ұрланған қаражатты кері қайтару тағы бір мәселе. АҚШ Мемлекеттік хатшысының халықаралық есірткіге қарсы  күрес және құқық қорғау қызметі жөніндегі көмекшісі Уильям Браунфилдтің айтуынша, активтерді  қайтарудың басты шарты – ұлттық заңнаманың жетілуі мен құқық қорғау қызметкерлерінің кәсібилігі.

"Екінші жағынан мемлекеттер арасында активтерді қайтаруға қатысты алдын ала келісімнің болуы мен олардың халықаралық ұйымдарға мүшелегі де заңсыз әкетілген қаражатты қайтарып алуға мүмкіндік бермек. Осы орайда қылмыскер бас сауғалаған мемлекеттің де ішкі заңнамалары өте маңызды. Өйткені, сұраушы тарап барлық шартты орындағанымен, қылмыскерді ұстап отырған мемлекеттің әріптестікке ниеті болмаса, бұл да өз кезегінде активтерді қайтаруға кедергі болады. Мұның мысалы ретінде Еуропа мен Орталық Америка елдеріндегі офшорлық аймақты айтуға болады", - дейді Браунфилд.

Таяуда ғана Financial Times басылымы республикалық партия атынан АҚШ президенттіген үміткер Дональд Трамптың қаржылық операциясынан күмәнді элементтерді байқағанын хабарлаған еді. Соның ішінде Алматының экс-әкімі Храпуновтың да есімі байқалған. Храпунов Манхэттендегі Трамптың иелігіндегі ғимараттардың бірінен пәтер алып, миллиардердің көп фирмаларының біріндегі қаржылық операцияларға да араласқаны айтылған. Өз кезегінде Браунфилд бұл туралы ешқандай да пікір білдіре алмайтынын айтты.

Бас прокуратура шілде айынан бастап "Шет елден ұрланған активтерді қайтару" бағдарламасын қолға алды. Осылайша бүгінге дейін аталған 100 млрд теңгенің 30 пайызы қазынаға қайтарылған. Қалған активтерді қайтару үшін, бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың сөзіне сүйенсек, елдегі құзіретті мекемелердің іс-қимылын бір арнаға тоғыстырып, халықаралық құқықтық негізде шетелдік әріптестермен кешенді жұмыстар қолға алынбақ.

"Құқықтық негіздер қазірдің өзінде дайын. Құқықтық көмек көрсету мен қылмыскерлерді қайтару үшін 50 халықаралық келісім жасалды. Елбасының Сауд Арабиясы мен Иорданияға сапары барысында осы мәселеге қатысты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Қазіргі таңда Қазақстан активтерінің ең көп ағылатын аймағы Солтүстік Америка мен Еуропа елдері және офшорлық аймақтар", – деді Бас прокуратура өкілі.

Ұрланған активтерді қайтаруға нақты не кедергі? – деген сұраққа Андрей Кравченко нақты жауап қатпады. Дегенмен, оның айтуынша, өзге елдердің Қазақстанға қылмыскерлерді қайтармай жатуы қазақ еліне деген сенімсіздіктен емес.

  Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу