Ұрылған балықты аулауға рұқсат сұрап жүр

7492

ГЭС-тердің балық қыруына балықшылардың жаны күйеді. 

Ұрылған балықты аулауға рұқсат сұрап жүр

Жыл сайын алып бөгендер, ірі гидроэлектр станциялары жанында шала-жансар, "ұрып-соғылған" балықтар үйіндісі пайда болады. Әсіресе, сыртта суық түсіп, қаладағы жұрт жаппай жылыту құрылғыларын қосқанда, яғни электр қуатын тұтыну шырқау шегіне жеткенде немесе жылыту маусымы басталғанда ГРЭС-тер үлкен көлемде суды арналарға лақтырып, төгеді. Нәтижесінде, шлюздердің төменгі жағы "сең соққан" балыққа толады.

Сала маманы, электрик Виталий Кортневтің түсіндіруінше, платинаның басында, ең жоғарғы жағында су көктемде, күзде және қыста бірер градусқа жылы болады. Сондықтан балық атаулы аман қалу үшін шлюздерге "жабыса" жүзіп жүреді. Бірақ осы тәсілі оларды жарға жығады. Қуат өндіруші ГЭС-тің шлюздері жаппай ашылғанда, ірілеу балықтардың барлығы төмен құлдилап, бетонға соғылады.  

Жүйкесі нашар немесе табиғат қорғау десе, ішкен асын жерге қоятын сезімтал жандардың ол жаққа бармағаны жөн. Бастары езілген, қабыршағы сыдырылған, желбезегі жарылған, құйрығы, қанаттары қырқылған балықтардың өлекселері толған шұңқырлар кездеседі екен.

Ал ағыспен әрі әкетілген балықтар жағаға шығып қалады. Олардың ішінде жаны шықпаған, тіршілік үшін жанталасып, тыпырлағандарын жергілікті тұрғындар байқап қалса, ұстап алып үйлеріне тасиды.

"Арасында сазандар, кейде құнды балықтар ұшарасады. Аптап ыстық бүлдіретін жаз емес. Бұзылмаған өнім босқа ысырап болмасын деп жинап аламыз. Кейбір балық сап-сау, тек су арынымен есеңгіреп қалған. Адамдар қарапайым айырмен алыстан түйреп алып жатады. Өйткені тізеден келетін суда ондай балықтар шоршып, жыбырлап бірнеше күнге дейін жата береді. Бір-бірінен естіп, тұрғындар қаптап келгенде инспекторлар да жетеді. Олар халықты таратып жіберуге, балықты жинатпауға тырысады. Тексерілмеген, ауру болуы мүмкін дейді. Бірақ базарда да сатылатыны осы балық емес пе?", – деп әңгімелейді көрген-білгенін шығысқазақстандық Дулат Еңсегенов.

Ал тәжірибелі балықшы Архат Сапанов Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке "ұрылған балықты" ресми аулауға рұқсат беруді ұсынды. Оны тіпті өнеркәсіптік деңгейде өндіруге болар еді. Себебі су электр станцияларының суды қай мезгілде төгетіні белгілі. 

"Бұқтырма ГЭС агрегаттары астынан жыл сайын ұрылған балық саулап төгіледі. Қолданыстағы балық аулау қағидаларда оған рұқсат етілмек тұрмақ, тіпті соғылған не ұрылған балық деген ұғымның өзі жоқ. Онда осындай балықты жинауға тыйым салатын не рұқсат ететін норма да қарастырылмаған. Ендеше азаматтарға, ауылдықтарға оны аулап, азығына жаратуына мүмкіндік берген абзал. Мысалы, 2015 жылғы 27 ақпанда бекітілген қазіргі балық аулау қағидаларында "балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің резервтік қорында әуесқой балық аулау 1 балықшыға бір шыққанда 5 келіге дейін ақысыз және қандай да бір рұқсатсыз жүзеге асырылады" деп жазылған. Осы норманы ұрылған балыққа қатысты да қолдануға рұқсат етсе, жеткілікті", – дейді Архат Сапанов.

Дегенмен, билік әзірге су соққан балықты теріп жеуге ресми рұқсат етпей отыр. Себебі ондай балықтың тамаққа қаншалықты жарамды екеніне жеке лабораториялық зерттеу жүргізу керек.  

Оның үстіне қауіпсіздік мақсатында су электр станциялалары мен алып бөгендердің етегіндегі айдындарда жүзуге, су кешіп жүруге шектеу қойылған.

Әрине, азаматтарды бұл тоқтата бермейді. Көргендерге сенсек, жол талғамайтын көлікпен келіп, аквалангпен сүңгіп, су астынан қап-қап балық теріп әкететіндер бар көрінеді. 

"Ресейге барғанда Днепрде жүзгеніміз бар. Плотинадан су лақтырылғанда одан бірнеше шақырымдай жерде есеңгіреген балық су бетін жауып кеткенін байқадық. Жергілікті тұрғындар қайықпен жүзіп келіп, үлкен балықтарды аулап алып жатты. Әйткенмен, ондай балық ауру сияқты көрінді. Әрі денелері жарақатқа толы, онда паразиттер, микроб, бактериялар тұнып тұрмасына кепіл жоқ. Мұндай су жануарын жегім келмес еді. Жалпы, осындай плотиналар кесірінен балық өте көп қырылатыны аңғарылады. Мамандар станциядан су тастағанда одан ірі балықтардың өтіп кетпеуінің бір тәсілін таппағаны ма?! Жоғарғы жағында сүзгі орнатуға болмас па? Аянышты", – дейді IT маманы Андрей Василенко.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу