US Open-2022. Қазақстандық теннисшілер қанша сыйақы алады?

1316

Қазақстандық теннисшілер US Open-2022 турнирінде өнер көрсеткені үшін жалпы сомасы 474,5 мың доллар немесе 222,9 миллион теңге табыс тапты.

US Open-2022. Қазақстандық теннисшілер қанша сыйақы алады?

Биылғы US Open қазақстандық теннисшілер үшін сәтті өтті деп айта алмаймыз. Жекелей сында ел намысын қорғаған теннисшілердің ешқайсысы да екінші айналымнан әрі аса алмады. Ал жұптық сында ең жақсы өнер көрсеткен теннисшіміз үшінші кезеңге дейін жетті. Іріктеу сайыстарына қатысқандар да жанкүйерлерді қуанта алмады. Олар жарыстың негізгі кезеңіне өтпеді. Сонымен сыйақы мөлшеріне байланысты өсу ретімен бастасақ.

Андрей Голубев – 10,65 мың доллар (5,004 млн теңге)

Бұл жұптық сайыстар бойынша турнирдің алғашқы айналымында жеңілгені үшін берілетін жүлденің жартысы. Андрей испаниялық Педро Мартинеспен бірге өнер көрсетті. Бірақ жеңіске жете алмады.

Александр Недовесов – 17,9 мың доллар (8,41 миллион теңге)

Недовесов Голубев сияқты тек жұптық сында өнер көрсетті. Айсам Ул-Хак Курешимен бірге екінші айналымға өтті. Қазақстан мен Пәкістан өкілдері АҚШ ашық чемпионатында екінші айналымда жеңіліс тапты.

Анна Данилина – 28,2 мың доллар (13,25 миллион теңге)

Әйелдер арасындағы жұптық сайыста еліміздің бірінші ракеткасы үшінші айналымға шықты. Бұл жұптық сында қазақстандық теннисшілер арасындағы үздік нәтиже болды. Ол бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен бірге кортқа шықты.

Дмитрий Попко мен Михаил Кукушкин – әрқайсысы 33,6 мың доллар (15,78 млн теңге)

Олар іріктеу турниріне қатысқан. Екеуі де бірінші кезеңде жеңіске жетті, бірақ іріктеу кезеңінің жартылай финалында мардымды ойын көрсете алмады. Соған қарамастан айтарлықтай жақсы табысқа кенелді.

Елена Рыбакина – 80 мың доллар (37,59 миллион теңге)

Уимблдон чемпионы үшін биылғы АҚШ ашық чемпионаты мүлде сәтсіз болды. Ол бірінші кезеңде Нью-Йоркте іріктеуден өтуі керек болған алғашқы жүздікке де кірмейтін қарсыласынан жеңіліп қалды. Рыбакина жарысты ерте аяқтағанына қарамастан, US Open-2022 турнирінде жүлде қоры бойынша үздік үш қазақстандықтың қатарына енді.

Юлия Путинцева – 131,65 мың доллар (61,86 млн теңге)

Юлия бұл сыйақының көп бөлігін АҚШ ашық біріншілігінің екінші кезеңіне (121 мың доллар) өту арқылы алды. Сонымен қатар бірінші айналымда жұптық сынға қатысқаны үшін тағы он мың доллар алды.

Александр Бублик – 138,9 мың доллар (65,27 млн ​​теңге)

Ерлер арасында еліміздің ең үздік теннисшісінің көрсеткіші Юлиямен салыстырғанда сәл жақсырақ. Өйткені ол жекелей ғана емес, жұптық сайыста да екінші айналымға шықты. Бублик қазақстандықтар арасында ең көп табыс тапқанына қарамастан, АҚШ ашық чемпионатындағы өнеріне көңілі толмасы анық.

Естеріңізге сала кетейік, Нью-Йорктегі турнир жалғасуда. Финалдық ойындар жексенбі, 11 қыркүйекке жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу