Бес сеттен тұратын кездесу үш жарым сағатқа созылды. 1-2 және 3-4 кезеңдерде қарсыластар кезек-кезек жеңіске жетіп отырды. Ал шешуші сетте Сок 5: 1 есебімен алға шықты. Бублик қателігін түзетуге тырысты. Бірақ соңында ұтылып қалды. Матч есебі: 7: 6 (7: 3), 6: 7 (2: 7), 6: 4, 4: 6, 6: 3.
Сонымен қатар US Open турнирінде жұптық сайыста өнер көрсеткен Ярослава Шведова мен Анна Данилина алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Қазақстандық теннисшілер екі сетте де америкалық-чилилік дуэт Дезире Кравчик пен Алекс Гуаричиге 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп, турнирді аяқтады.
АҚШ ашық біріншілігінде жекелей сайыста қазақстандық теннисшілер арасынан тек Елена Рыбакина ғана қалды. Ол бүгін, 3 қыркүйекте төртінші кезеңге жолдама алу үшін әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, 2018 жылғы Ролан Гаррос, 2019 жылғы Уимблдон турнирлерінің чемпионы, қазіргі кезде рейтингте 13-орында тұрған румыниялық Симона Халеппен (Румыния) ойнайды. Бұл матч Нұр-Сұлтан уақытымен 21.00-де басталады.
Айта кетейік, осы "Үлкен дулыға" додасының 19-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 62-орында тұрған франциялық Каролин Гарсиямен кездескен болатын. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:4 есебімен еш қиындықсыз ұтты. Рыбакина бәсеке барысында 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Брейкке қол жеткізбеген Гарсия 1 ғана эйспен шектелді.
Ермұхамед Мәулен