Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыстың 8-ракеткалары болып тіркелген Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге екінші айналымда испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкеримен кездесті. Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:1, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Олар 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Анна Данилина мен Беатрис Хаддад Майя ширек финалға шығу үшін доданың 10-ракеткалары, америкалық Николь Меличар-Мартинес – аустралиялық Эллен Переспен кездеседі.
Сондай-ақ қазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Аружан Сағындықова жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шықты. Іріктеу сайысының 4-ракеткасы болып тіркелген С.Кенжебаева нидерландтық Мари Нейкампты тізе бүктірді. Бірінші партияда Сандуғаш 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіре білді. Сосын тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Екінші сетте 5:0 есебімен алға кетіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2. Кенжебаева іріктеу сайыстарының финалында Польша өкілі Вероника Эвалдпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы Аружан Сағындықова жапониялық Харука Хасегавамен кездесті. Бірінші партияда Аружан 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсыласы есе қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 10:7.
Сағындықова іріктеу сайыстарының финалында америкалық Джульетта Парехамен кездеседі.
Ермұхамед Мәулен