US Open: Елена Рыбакина 1/8 финалға өте алмады

1037

Елена Рыбакина жекелей сайыс бойынша турнирді аяқтағанымен, енді жұптық және аралас сайыстарда өнер көрсетуін жалғастырады.

US Open: Елена Рыбакина 1/8 финалға өте алмады

Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының 1/8 финалына өте алмады. Жарыстың үшінші турында қазақстандық теннисші Румыниядан келген қарсыласы Симон Халепке үш сетте 6: 7, 6: 4, 3: 6 есебімен ұтылды. Екі сағат 22 минутқа созылған матчта Рыбакина 31 геймнің 15-інде жеңіске жетті. Сонымен қатар бес рет қос қателік жасады. Осылайша US Open турнирінде жекелей сында бір де бір қазақстандық теннисші қалмады. Дегенмен жерлестеріміз жұптық сайыстарда өнер көрсетуін жалғастыруда.

Андрей Голубев US Open турнирінде жұптық сайыста екінші айналымға өтті. Ол неміс теннисшісі Андреас Мьеспен жұп болып өнер көрсетті. Олар испаниялықтар Педро Мартинес пен Альберт Рамосты 6: 4, 6: 4 есебімен жеңді. 1 сағат 24 минутқа созылған матчта қазақстандық пен оның әріптесі үш рет допты ойынға қосу барысында қателесіп, 20 геймнің 12-сінде жеңіске жетті. Сонымен қатар бір ғана қателік жіберді. Келесі айналымда Голубев пен Мьес серб Никола Качич пен босниялық Томислав Бркичпен кездеседі.

Зарина Дияс US Open турнирінде жұптық сайыста екінші кезеңге өтті. Ол ресейлік спортшы Варвара Грачевамен бірге дуэтте жапониялық Мисаки Дой мен неміс Анна-Лена Фридзамды жеңді. Алаңда өткізілген 2 сағат 19 минуттың ішінде Дияс пен оның командаласы 30 геймнің 16-сында жеңіске жетіп, үш рет қос қателік жіберді. Келесі турда олар чехиялықтар Мария Бозкова мен Люсия Градецкая жұбымен кездеседі.

Александр Недовесов жұптық жарыста екінші кезеңге өте алмай, турнирді аяқтады. Қазақстан өкілі ресейлік Аслан Карацевпен бірге алғашқы айналымда голландиялықтар Уэс Колхоф пен Жан-Джулиен Ройерге 6: 7, 1: 6 есебімен, екі сетте де ұтылды. Кездесу 1 сағат 41 минутқа созылды. Ойын барысында Недовесов пен оның әріптесі 19 геймнің жетеуінде жеңіске жетті. Сонымен қатар алты рет қос қателік жасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу