US Open. Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды

1267

Ерлер мен әйелдер арасында өтетін АҚШ ашық біріншілігінің жеребе тарту рәсімі өтті.

US Open. Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды

Жеребе қорытындысы бойынша ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик турнирді әлемнің 71-ші ракеткасы франциялық Уго Гастонға қарсы кездесумен бастайды. Бұл олардың екінші кездесуі болмақ. Алғашқы кездесуде қазақстандық теннисші қарсыласын 7:5, 3:6, 6:3 есебімен жеңген. Бірақ қатарлас матчта турнирдің 12-ші ракеткасы болып тіркелген Пабло Каррено-Буста мен әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы Доминик Тим өзара мықтыны анықтайды. Сондықтан Бубликке АҚШ ашық чемпионатына жақсы дайындалу керек.

Ал әйелдер арасында Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина бірінші айналымда іріктеудің жеңімпазымен ойнайды. Қалай болғанда да, Елена бірінші айналымда мықты қарсыласпен кездеспейтіні анық. Бір қызығы, екінші айналымда ол Винус Уильямспен кездесуі мүмкін. Ал үшінші раундқа өткен жағдайда әлемнің алтыншы ракеткасы Арина Соболенкомен сынға түсуге мүмкіндік бар.

Юлия Путинцева WTA рейтингінде 24-орында тұрған америкалық Аманда Анисимовамен шеберлік байқасады. Бұл Юлия үшін ең жақсы қарсылас деп айта алмаймыз.  Себебі ол ағымдағы жылдың сәуір айында Чарльстондағы (АҚШ) турнирде кездесіп, қазақстандық теннисші қыз үш гейм ғана алған. Нәтижесінде, америкалық теннисші 1:6, 2:6 есебімен жеңіске жетті.

US Open турнирінде жұптық сында Анна Данилина, Андрей Голубев және Александр Недовесов өнер көрсетеді. Бұл санат бойынша жеребе сәл кейінірек өтеді.

Аталған теннисшілерден бөлек қазақстандықтардан іріктеуге Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко да қатысқан болатын. Өкінішке орай олар финалына шыға алмады. Әлемдік рейтингте 236-орында тұрған Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 114-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошқа  4:6, 6:4, 2:6 есе жіберсе, Михаил Кукшкин (215 АТР) испаниялық Фернандо Вердаскоға (124 ATP) 6:7 (4:7), 3:6 есебімен жеңіліп қалды.

US Open - 2022 29 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу