Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Нью-Йоркте өтіп жатқан теннистен Америка Құрама Штаттарының ашық чемпионаты - US Open турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
¼ финалда Путинцева Әлемнің 41-ракеткасы америкалық Дженнифер Брэдимен кездесіп, екі сетте де қарсыласына 3:6, 2:6 есебімен жеңілді. Кездесу 1 сағат 8 минутқа жалғасты.
Бұл жолы Юлия алғаш рет US Open турнирінің ширек финалына шықты. "Үлкен Дулығаның" іріктеу турнирлерінде осыған дейін жекелей өнер көрсету бойынша қазақстандық теннисшілер жартылай финалға шығып көрмеген. Бұған дейін Путинцева тек "Ролан Гарростың" ширек финалына 2 рет шыққан болатын.
Жеңіліс тапқан соң Путинцева америкалық теннисшіге қарсы кездесуі туралы өз пікірін айтты.
"Өткен матчтарға қарағанда бұл жолы біраз шаршадым. Сондықтан қарсыласымның қимылдарына жылдам жауап бере алмадым. Маған қозғалыс барысында жылдамдық жетпеді. Мен үшін сәтсіз күн болды. Ал Дженнифер расымен де тамаша ойнады", - деді кездесуден соң Путинцева.
Естеріңізге сала кетсек, US Open турнирінде Путинцева алғашқы айналымда америкалық Робин Монтгомериден 6:1, 6:3 есебімен, ал 2-кезеңде беларуссиялық Вера Лапкодан - 6:3, 6:3, 3-кезеңде тағы Беларуссия өкілі Александра Сосновичтен 3:6, 6:2, 6:1 есебімен басым түсті.
Сонымен қатар Нью-Йоркте өтіп жатқан жарысқа Қазақстан атынан Михаил Кукушкин, Елена Рыбакина, Зарина Дияс, Александр Бублик қатысты. Өкінішке орай аталған теннисшілер қарсыластарына жеңіліп, турнирден шығып қалды.
Ермұхамед Мәулен