US Open: Рыбакина екінші айналымда, үш теннисші жарысты аяқтады

1179

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина теннистен АҚШ ашық біріншілігінің екінші айналымына еш қиындықсыз өтті.

US Open: Рыбакина екінші айналымда, үш теннисші жарысты аяқтады

Бірінші раундта Қазақстанның ең мықты теннисшісіне Беларусь спортшысы Александра Соснович қарсы шықты. Матч бір сағаттан астам уақытқа созылып, 6:2, 6:3 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталды. Осы уақыт аралығында Рыбакина он эйс және үш брейк жасады. Сонымен қатар допты ойынға қосу барысында төрт рет қателік жіберді. Жиырма жеті жасар Соснович допты ойынға қосу барысында бір рет қиыс кетіп, бір қос қателік жіберді. Айта кетейік, бұл теннисшілердің алғаш рет кездесуі. Рыбакинаның келесі қарсыласы француз Каролин Гарсия болмақ. Ол алғашқы айналымда британиялық Харриет Дартты 6: 7, 6: 4, 6: 2 есебімен жеңді.

Ал тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева US Open турнирінің екінші айналымына шыға алмады. Алғашқы айналымда Путинцева эстониялық Кайе Канепиден жеңілді. Жерлесіміз қарсыласына үш сетте де, 6: 2, 6: 7, 2: 6 есебімен ұтылды. Кездесу екі сағат жиырма минутқа созылды. Осы уақыт аралығында қазақстандық теннисші допты ойынға қосу барысында үш рет қателесіп, 28 геймнің 14-ін жеңді. Дегенмен эстониялық спортшы бұл кездесуде мықты болып шықты. Осылайша Юлия Путинцева үшін US Open турнирі аяқталды. Айта кетейік, өткен жылы Путинцева дәл осы турнирде алғаш рет ширек финалға дейін жеткен болатын.

Михаил Кукушкин испаниялық Пабло Андужарға қарсы өткен матчта алғашқы екі сетте (6: 3, 6: 4) жеңіске жетті. Бірақ, содан кейін қатарынан үш сетте 6:4, 6:4, 6:2 есебімен ұтылып, US Open турнирінен шығып қалды.

Сонымен қатар, Ярослава Шведова да US Open жарысының бірінші турынан әрі аса алмады. Ол екі сетте де италиялық Ясмин Паолиниден 3: 6, 4: 6 есебімен ұтылды.

Бүгін US Open турнирінде Нұр-Сұлтан уақытымен 22:15-те Александр Бублик  неміс Яник Ханфманмен, ал Зарина Дияс  23:00-де АҚШ өкілі Аманда Анисимовамен шеберлік байқасады. Ал 1-қыркүйекте қазақстандық теннисшілер жұптық сайыста өнер көрсетеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу