"Ұсақ-түйек сылтаумен түлектерді ҰБТ-ға қатысудан шеттетіп жатыр"

2477

Мектеп бітірушінің ата-анасы "Балалар жылы" шенеуніктер баланың сағын сындырғалы тұрғанын айтып, шағымданды.

"Ұсақ-түйек сылтаумен түлектерді ҰБТ-ға қатысудан шеттетіп жатыр"

Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау бойынша негізгі ҰБТ науқаны басталды, ол 5 шілдеге дейін жалғасады.

ҰБТ басталғалы бері 130 мыңнан астам талапкер тестілеуден өткен. Оның ішінде әзірге 75,7%-ы – қазақ тіліндегі тестілеуді таңдаған. Қалған 24,1%-ы – орыс тілінде, ал бар-жоғы 0,1%-ы ғана – ағылшын тілінде тапсырды.

Жалпы алғанда, бұл жолғы басты Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға шамамен 290 мың жастан өтініш түскен.

Бұл Ұлттық біріңғай тестілеу де дау-жанжалға толды. Таяуда 140 балдың 139-ын жинаған 2 талапкердің нәтижелері жойылатыны жарияланды.

Бүгінде БҒМ дерегінше, смартфонды, "шпаргалкаларды", басқа да тыйым салынған заттарды ішке алып өтуге талаптанғаны үшін 174 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Бұдан бөлек, тестілеу барысында ереже бұзған тағы 159 бала да аудиториядан қуылды. Олардың нәтижелері жойылады.

Дегенмен ата-аналардан түсіп жатқан шағымдарға құлақ түрсек, асыра сілтеу де орын алып жатқанға ұқсайды. Соның бірі – Қызылорда облысының Арал ауданының тұрғыны Жарас Үмбеталиев нақақтан нақақ жазаланған баласына араша сұрайды. Ол "Балалар жылында" рақымшылық танытып, балаларға мемлекеттік грант алу байқауының тестілеуін қайта тапсыруға мүмкіндік беруді өтінеді.

Әйтпесе, Тәуелсіздік мерейтойында мемлекет тіпті сотталған қылмыскерлер мен алаяқтарға да рақымшылық жасап, түрмеден шығарды, екінші мүмкіндік ғой.

Жалпы БҒМ "ҰБТ-ны жылына төрт рет тапсыруға" рұқсат еткенін мақтан етіп, үнемі қайталайды. Алайда соның ішінде тек қазір жүріп жатқан негізгі ҰБТ-да ғана тегін мемлекеттік гранттар таратылады. Жылдың басқа кезеңдерінде өтетін үш ҰБТ-да тапсырып, жоғары нәтижеге жеткендер қазақстандық жоғарғы оқу орындарына ақылы негізде ғана түсе алады. Демек, қазір құлаған балаларға келесі негізгі ҰБТ-ны күтіп, бір жыл босқа сенделуге тура келмек.

"Баламның сағын сындырмаса екен деймін. Министр де әке ғой, мені түсінеді деген ойдамын. Өтінішімді жерге тастамасыншы. Менің 17 жасар ұлым Әділет биыл ауылдағы орта мектепті бітірді. Сабақ үлгерімі жақсы. Ол 23 мамыр күні Қазалы қаласында өткен ҰБТ-ға қатысуға барды. Бала ғой, телефонын тапсырған, алайда оның проводной наушнигі, яғни сымды құлаққабы қалтасында қалып қойыпты. Содан кіреберісте тексеріп тұрған құқық қорғау қызметкерлері қалтасын тексеріп, құлаққапты тауып алады. Сөйтіп "бала ішке рұқсат етілмейтін затты алып өтпек болды" деп, оны дереу шеттетеді. Бұл ешқандай да алыстан сигнал қабылдайтын құрылғы емес. Ең қарапайым, арзанқол сымды наушник", – дейді Әділеттің әкесі.

Есік алдында жағдайды бақылап тұрған мұғалімдер көз алдарында жас балаға қиянат жасалғалы тұрғанын түсініп, шұғыл араша түседі. "Адамгершілік қайда? Қалтасындағы затты ішке алып кірген жоқ қой!" деп ескерту жасаған соң, қызметкерлер жұмсарып, райынан қайтып, түлекті ішке кіргізуге оқталады. 

Бірақ аудиторияның іші-сыртын монитордан қарап отырған арнайы бақылаушылар сыртта болған оқиғаға қанығыпты. Олар Әділетті ұстап алып, қолынан дедектете жетектеген күйі сыртқа шығарып жібереді. Дәйектемелері нық, талап барлығына бірдей.

"Ал мен мұны әділетсіздік деп санаймын! Бала түгіл, ересектер де қатты толқиды. Ұмытып кеткен. Оның үстіне смартфон, шпаргалка, жасанды компьютер емес, қалтафонға сұқпаса түкке жарамайтын сымды құлаққап қой. Балам бұл тестілеуге 2 жыл бойы тынбай дайындалды, өз білімімен грант алатынына үмітті еді. Енді өмір жолының басында кішкене жөнсіздікке бола, үмітіне балта шабылғалы тұр. Министрліктен осы жағдайды әділ тексеріп, "Балалар жылы" екенін ескере отырып, балама тағы бір мүмкіндік беруді сұраймын", – дейді Жарас.

Билік не дейді?

Білім және ғылым министрлігі рақым танытпайтынын білдіріп отыр. 

Түсініктеме берген ведомство Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларының" 75-тармағына сәйкес, тестілеуге тиым салынған заттарды – рацияларды, ноутбуктерді, плейерлерді, мобильді роутерлерді, смарт сағаттарды, сымды және сымсыз құлаққаптарды, микроқұлаққаптарды, сымсыз бейнекамераларды, GPS-навигаторларды, GPS-трекерлерді, қашықтан басқару құрылғыларын алып кіруге тыйым салынғанын ескертті.

"Оларды анықтау үшін қолмен тінту жүргізіледі және рамалық типтегі метал детекторлар қолданылады. Әділет деген түлек Қызылорда облысының Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі ҰБТ өткізу пунктіне 23 мамыр күні тестілеуге келген. Сонда 1-ші лекпен ҰБТ-ға кірерде оның қалтасынан құлаққап, яғни тыйым салынған зат табылды. Бұл ретте әлгі қағидалардың 75-тармағына сәйкес, метал іздегішпен тексеру кезінде тыйым салынған заттардың бірі анықталса, "тестілеу әкімшісі" акт толтырады. Сол акт негізінде талапкер негізгі ҰБТ-ның барлық тестілеуіне жіберілмейді. Сондай-ақ ол білім беру грантын беру жөніндегі конкурсқа да жіберілмейді", – деп шорт кесті БҒМ.

Министрлік енді Әділет және басқа да аластатылған балалар биылғы тамыз айында болатын ҰБТ-ға қатысып, тек ақылы оқуға түсе алатынын хабарлады.

Осыдан кейін биліктің "қазақтың білімді жастары неге Ресейге, Қытайға жаппай кетіп жатыр?" деп таңғалуы – нағыз көлгірсу сияқты көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу