Үш әлеуметтік төлемнің көлемі 30%-ға артады

21900

Еңбек өтілі 5 жылдан асқан азаматтарға коэффициент қосылады.

Үш әлеуметтік төлемнің көлемі 30%-ға артады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлем құны 30%-ға артады. Жәрдемақысы көбейетіндердің қатарын жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандар, асыраушысынан айырылғандар және жұмыссыз қалғандар құрайды.

Айта кетейік, жаңа жылдан бастап мемлекеттік сақтандыру қорының қатысушыларына төленетін төлем көлемі еңбек өтіліне байланысты болады. Еңбек өтілі 5 жыл немесе 5 жылға толмаған тұлғаларға 1% коэфициент тағайындалады. Еңбек өтілі 5 жылдан асқан адамдардың әр 5 жылына 2% коэфициент қосылады. Бұл көп жұмыс істеген адам, өзгелерден артық ақша алады деген сөз.

"Еңбек ету қабілетінен айырылғандар зейнет жасына шыққанға дейін, асыраушысынан айырылған отбасының балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін, оқу оқитын болса 23 жасқа дейін әлеуметтік төлем алады. 2005 жылдан бері әлеуметтік төлем төлеудің формуласы өзгерген жоқ. Мысалы, біз мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушыларына 1 коэффициент береміз. Қазір адамдардың барлығы сақтандыру қорына қанша жыл қатысқанына қарамастан 1 коэффициентке ие болады. Бұл дұрыс емес. Қормен ұзақ жыл байланыс ұстағандар мен қорға күні кеше қосылғандардың арасындағы коэффициентте айырмашылық болуға тиіс", – деді "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ президенті Сәуле Дүйсенова.

Оның сөзінше, қазір еңбек ету қабілетінен айырылғандарға ай сайын – 14 204, асыраушысын жоғалтқандарға – 16 801, жұмыссыз қалғандарға – 24 286 теңге әлеуметтік төлем төленіп жүр. Жаңа заң қабылданып, қолданысқа енген кезде 3 әлеуметтік төлемнің көлемі 30%-ға өседі.

Жұмыссыз қалған жағдайда...

Келесі жылдан бастап азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемнің коэффициенті айлық жалақының 30%-нан 40%-на ұлғайтылады. Бұған қоса жұмыссыз қалған адамға әлеуметтік төлем 4 ай емес, 6 ай төленеді. Атап көрсетерлігі, жұмыссыз қалған адамдар жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге тиіс. Бұлай болмаған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалмайды.

Біле жүріңіз, 2018 жылы жұмыссыз қалған 47,6 мың адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 3,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды.

Мүгедектердің мүддесін қорғау үшін...

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін медициналық-әлеуметтік сараптамада нақты белгіленген еңбекке жарамсыздық дәрежесіне сүйене отырып анықтауды көздеп отыр.

Мысалы, бұған дейін орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құраған адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 7 жыл қатысып, кейін еңбекке жарамсыздық дәрежесі 65% деңгейінде белгіленсе, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 22 988 теңге теңге төлем алатын. Есептеудің жаңа тәсіліне сәйкес, келесі жылдан бастап тура осындай жағдайда азаматтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 31 080 теңге беріледі.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша тәсілі. Сондықтан бұған мүгедектерге үкімет тағайындаған мемлекеттік жәрдемақаныны қоса есептеу керек. Қазір 2 - топтағы мүгедектер үкіметтен 45 438 теңге жәрдемақы алады. Бұған 31 080 теңгені қоссаңыз, мүмкіндігі шектеулі азамат ай сайын 76 518 теңге алатын болады.

Нақтылайық, 2018 жылдың қорытындысында елімізде еңбекке жарамсыздық бойынша 83,1 мың адам жәрдемақы алды. Оларға 12,3 млрд теңге төленді.

Асыраушысыз қалған отбасылар...

Ерекше қамқорлыққа алынады. Олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру үшін үкімет отбасы мүшелерінің санына байланысты әлеуметтік төлем мөлшерін 40%-дан 100%-ға дейін жоғарылатады.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы асыраушысынан айырылған 45 мың отбасыға мемлекет 8,7 млрд теңге үлестірді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу