Үш биткоин "асырап", байып кетті

8369

Қазақстандықтар қаржы пирамидасынсыз байи алады.

Үш биткоин "асырап", байып кетті

Криптовалюталар биыл жаңа асуларды бағындырып, тарихи рекордтарды жаңартуда. Солардың ішіндегі ең елеулісі саналатын Bitcoin өткен жылдың соңында бұрын-соңды болмаған 25 мың, одан кейін 30 мың долларлық межені еңсерді. Бүгін, 7 қаңтарда биржада 1 биткоин 36 мыңнан астам долларға сатылуда. Қазақстанда бағасы 15 миллион 555,8 мың теңге тұрады.

Заңгер Ерденбек Мұратов басынан өткен қызықты жайтты баяндады.

"Осыдан 3 жылдай бұрын ғана ерігіп, 3 биткоин ала салғанмын. Әлемде биткоин иелену сәнге айналған болатын. Сонда 2016 жылдың желтоқсаны, жыл аяқталып қалған шақ еді. Еңбекақымыз, 13-жалақымыз, сыйақымыз қатар түсті. Ол кезде криптовалюта шетелдік биржада 990 доллардан сатылып жатты. Бір жыл өткенде, яғни келесі 2017 жылдың соңында оның құны 20 есе қымбаттады. Солай екен деп кері сатуға тұра жүгірмедім. Қайта тағы алып қояйын деген ой болған, бірақ артық қаражат болмады. Жақында биткоин бағасы шығандады деген жаңалықты естіп, сақтауда тұрған үш криптовалютамды тегіс сатуға ұйғардым. 90 мың доллардан асатын сомаға қол жеткіздім. Оған Нұр-Сұлтаннан үш бөлмелі үй сатып алдым", – дейді ол.

Осындай оқиғалар ел арасында аңыз болып тарап жүр. Біраз адам қажетті жабдықтарын сатып алып, үйінде бұрыннан майнинг жасауда. Тағы бір бөлігі осыған білек сыбана кірісуге ниетті. Бұл салаға тіпті ірі инвесторлар келуде. Олар тұтас фермалар ашып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында 5 жыл ішінде майнинг индустриясы мен дата-орталықтарға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу керектігін атап өткені мәлім.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мәліметінше, былтыр Қазақстанда 13 майнинг фермасы жұмыс істеді. Олар 620 МВт электр қуатын тұтынады. Бұдан бөлек тағы 4 ірі ферма салынып жатыр. Оларға 450 МВт энергия қажет. Бұл салаға жалпы көлемі 80 миллиардтан астам теңге инвестиция тартылған.

Бұған қоса, тағы жарты триллион теңгеге жуық инвестиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар. Министрлік осы бағытта "күшейтілген түрде жұмыс істеуге" бел буды.

"Астана" қаржы орталығының биржасында биткоин айналымға түсіп жатқан көрінеді. Бұл салаға АХҚО билік етпек.

"Осы жаңалыққа аң-таң болдым. Өйткені бұрын билік: "Қазақстанда майнингке тыйым салынған" деп мәлімдейтін. Мен мысалы, жұмыссыз отырған адаммын, оның үстіне қозғалысы шектелген мүгедекпін. Бос уақытым көп. Сондықтан мен Қазақстанда ірі майнинг фермасын ашқым келеді. Бірақ бұл қызметке кім лицензия беретінін білмеймін", – дейді Шымкент тұрғыны Константин Сандалиди.

Бұл бизнеспен қалай заңды айналысуға болады?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Қазақстанда майнингке мүлдем тыйым салынбағанын айтады. Қайта Парламент былтыр "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" арнайы заң қабылдап, онда криптовалюта саласын реттеді. Құжат 2020 жылғы 25 маусымда күшіне енген.

"Осы заңда цифрлық активтер айналымының құқықтық режимі бекітілді. Цифрлық майнинг және цифрлық актив ұғымдары заң жүзінде белгіленді. Бұл ретте енді Қазақстанда цифрлық актив – қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген болып екі түрге бөлінеді. Соңғысына – блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы ретінде алынған цифрлық токендер немесе қарапайым тілмен айтқанда, криптовалюталар жатады. Оның үстіне енді цифрлық майнинг – қалыпты кәсіпкерлік қызмет деп танылып отыр", – деді вице-министр.

Тиісінше, бұдан былай биткоин не басқасын өндірумен кез келген қазақстандық айналыса алады. Азаматтардың криптовалюта өндіретін техникалық құралдарды, сондай-ақ есептеуіш ресурстарды елге жеткізу және өзгелерге арендаға ұсыну қызметтерімен де айналысуына мүмкіндік бар. Бұл кәсіптер де заңдастырылды.

Әйткенмен, бұл салада шынымен бір ірі тыйым күшінде қалды.

"Ескеретін жайт, криптовалюталарды Қазақстан аумағында еркін айналымға жіберуге рұқсат етілмейді. Тек Нұр-Сұлтандағы "Астана" халықаралық қаржы орталығы шеңберінде криптовалюталардың айналымы үшін құқықтық өріс құрылды. Бұл мақсатқа сондағы арнайы сауда алаңы – биржа қызмет етеді. Ал осы қызметке лицензия алу мәселесіне келсек, елімізде майнинг қызметін жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат не лицензия алу қарастырылмаған. Оның орнына цифрлық майнингпен айналысатын тұлғалар біздің министрлікті осы қызметінің басталғаны туралы ақпараттандыруы керек", – деді Асхат Оразбек.

Ақпараттандыру қалай жүргізілуге тиістігі цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің 2020 жылғы 13 қазандағы бұйрығымен бекітілген "Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидаларында" егжей-тегжейлі айтылған.

Өз бетінше биткоин не басқасын өндіргісі келетіндерге түсіндіре кетсек, азамат министрлікке хатында майнинг фермасының орналасатын жерін, қанша мегаватт (МВт) қуат тұтынылатынын, деректерді өңдеу орталығының электр энергетикалық қуаттарын кеңейту әлеуетін, осы ісіне қанша инвестиция салатынын және компаниясының банктік деректемелерін көрсетуі қажет.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу