Қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова Стамбулда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалдық жекпе-жек өткізді. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Балқыбекованың қарсыласы болгариялық Севда Асенова болды. Жекпе-жектің бірінші раундында Алуа қарсыласын нокаутқа жіберді. Енді финалда ол түркиялық Айсе Чагирырмен кездеседі.
Қарсыласын нокаутқа жібергеннен кейін Алуа бүгінгі жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді.
"Бүгін жеңіске жеттім! Өте жақсы дайындалдым. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құдай қаласа, енді финалда түркиялық боксшымен кездесіп, жеңіске жетсем деймін. Мен түркиялық боксшымен 2013 жылы жастар арасында өткен турнирде кездескенмін. Ол уақытта да жеңіске жеттім", – деді Балқыбекова.
Сонымен қатар Карина Ибрагимова да Әлем чемпионатындағы жартылай финалдық кездесуін өткізді. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/2 финалда қазақстандық былғары қолғап шебері тайпейлік Лин Ю-Тингке қарсы шықты. Жекпе-жек 5:0 есебімен тайпейлік боксшының пайдасына аяқталды. Осылайша, Карина әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Тағы бір қазақстандық боксшы Жайна Шекербекова Әлем чемпионатында жартылай финалда шаршы алаңға шықты. Ол 52 келі салмақ дәрежесінде таиландтық Джутамас Джитпонгпен жұдырықтасты. Жекпе-жек 4:1 есебімен тайландық боксшының пайдасына шешілді. Осылайша, Шекербекова әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Айта кетейік, Шекербекова 2010 жылы Азия чемпионатында алтын алған. Сонымен қатар 2016 жылғы әлем чемпионатында қола және 2018 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Валентина Хальзова 70 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда Мозамбиктен келген Алсинда Пангуанемен кездесіп, қарсыласына жол берді. Осылайша Валентина Хальзова әлем чемпионатын қола жүлдемен аяқтады. Сондай-ақ бүгін Дина Жоламан (54 келі) жартылай финалда өнер көрсетеді. Ол рингке кешкі сессияда шығады.
Ермұхамед Мәулен