Қазақстандық теннисшілер Australian Open турнирінің іріктеуінен сүрінбей өтті

1466

Қазақстандық теннисшілер – Дмитрий Попко, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов Аустралия ашық чемпионатының іріктеуінде алғашқы кезеңде жеңіске жетті.

Қазақстандық теннисшілер Australian Open турнирінің іріктеуінен сүрінбей өтті

Әлемнің 180-ші ракеткасы, қазақстандық Дмитрий Попко "Үлкен дулыға" сериясының алғашқы турнирінің іріктеуінде жартылай финалға бірінші болып шықты. Оның қарсыласы Australian Open-2022 іріктеуінің алтыншы ракеткасы болып тіркелген испаниялық Бернабе Миральес (124-орында) болды. Рейтингтегі айырмашылыққа және өткен жылға дейін Мираллес Попконы екі рет ұтқанына қарамастан, бұл жолы қазақстандық теннисші екі сетте, 6:1, 7:5 есебімен қарсыласынан басым түсті.

Попконың жартылай финалдағы қарсыласы әлемдік рейтингте 990-орында тұрған аустралиялық Филипп Секулич болмақ. ATP рейтингінде Попкодан әлдеқайда төмен тұрғанына қарамастан, Секулич алғашқы кезеңде әлемнің 234-ракеткасы, неміс Маттиас Бахингерді 6:4, 6:3 есебімен сенімді түрде жеңді. Сондықтан Попконың қарсыласы оңай болмайды.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин, әлемнің 182-ракеткасы босниялық Мирза Басичке қарсы кортқа шықты. Осы уақытқа дейін Кукушкин жеке кездесулерде Басичті екі рет ұтқан еді. Ал тағы бір кездесуде 2017 жылы Кукушкин жеңіліс тапқан. Олардың төртінші бетпе-бет жекпе-жегі бүгін, 10 қаңтар күні таңертең өтті. Бұл жолы тәжірибелі қазақстандық теннисші екі сетте – 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда Михаил Кукушкин Голландия өкілі Робин Хасемен сынға түседі. Осы уақытқа дейін қазақстандық теннисші әлемнің 230-ракеткасы Хасемен үш рет кездесіп, екі кездесуде  Кукушкин жеңіске жеткен.

Бүгін кортқа қазақстандықтардан соңғы болып әлемнің 257-ші ракеткасы Тимофей Скатов шықты. Ол әлемнің 150-ші ракеткасы франциялық Уго Греньемен кездесті. Қарсыластар 2019 жылы ITF сериясының жекелей турнирінде де өзара сынға түскен. Ол уақытта франциялық 6:3, 6:1 есебімен мықтырақ болды. Бұл жолы Скатов екі сетте – 6:3, 6:2 есебімен басымдық танытты. Енді жартылай финалда ол әлемдік рейтингте 497-ші орындағы аустралиялық Дэйн Суинимен кездеседі.

Айта кетейік, кеше Қазақстанның бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида (Аустралия) турнирінің финалында жеңіліп қалды. Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасты. Бұл ойында аустралиялық теннисші 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Елена финалда есе жібергенімен, бұл додада өте табысты өнер көрсетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу