Үш қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің негізгі кезеңіне өтті

1846

Жекелей сында Михаил Кукушкин мен Тимофей Скатов іріктеу жарыстарынан сүрінбей өтсе, ал ерлер арасында еліміздің бірінші нөмірлі ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатын бірден негізгі кезеңнен бастайтын болады.

Үш қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің негізгі кезеңіне өтті

Іріктеудің финалында 34 жастағы қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин 25 жастағы америкалық Эрнесто Эскобедодан үш сетте 6:4, 5:7, 7:5 есебімен басым түсті. Үшінші сетте есеп 4:4 болғанда, Эскобедоның допты ойынға қосуы барысында техникалық ақауларға байланысты ойын үзілді. Жалпы матч үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Айта кетейік, 25 жасар америкалық кәсіпқой теннисші үш рет ATP Challenger титулын жеңіп алған. Дегенмен бұл жолы тәжірибелі қазақстандық теннисші мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Бұған дейін Тимофей Скатов спорттық мансабында алғаш рет іріктеуден сүрінбей өтіп, беделді турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алған болатын. Скатов Аустралия ашық чемпионатындағы іріктеу сайыстарының финалында португалиялық Гаштау Элиашпен кездесті. Қазақстандық теннисші 6:4, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Тимофей 2:5 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды. 1 сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Т. Скатов эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 3 брейкке (5 брейк- пойнт) қол жеткізді. Осылайша 20 жастағы Петропавл қаласының тумасы Т. Скатов ересектер арасында бірінші рет Grand Slam додасында бақ сынамақ. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында "Үлкен дулығада" өнер көрсетіп, 2017 жылы US Open жарысында жартылай финалға дейін жетті.

Өкінішке орай, дәл осы турнирге қатысқан тағы бір қазақстандық теннисші Дмитрий Попко чехиялық Иржи Лехечкадан 4:6, 6:3, 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Үшінші партияда теннисшіміз денсаулығына байланысты ойдағыдай өнер көрсете алмады. Нәтижесінде, Дмитрий негізгі кезеңге өтпей қалды. Осылайша, Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Тимофей Скатов, жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Недовесов өнер көрсетеді.

Ал Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Сиднейде өтіп жатқан WTA 500 сериялы турнирінде жұптық сайыс бойынша финалға шықты. Жартылай финалда қазақстандық-бразилиялық дуэт жарыста екінші нөмірмен өнер көрсететін жұп – жапониялықтар Сюко Аяома мен Ена Шибахарамен ойнады. Бірінші партияның жетінші геймінде Анна мен Беатрис брейк жасап, кезеңде 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда қарсыластар допты ойынға қосу барысында жағдайларын жақсарта алмады. Текетірес тай-брейкке жалғасып, жапониялықтардың жолы болды – 7:6 (7:2).

Шешуші супер тай-брейкте Данилина мен Майя біраз жанкүйерлердің жүйкесін жұқартты. 5:2 есебімен алға озып, кейіннен қарсыластарына есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Бірақ кейін тағы екі мини-брейк жасап, 10:6 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Финалда қазақстандық-бразилиялық жұп неміс қызы Вивиан Хайзен мен венгриялық Панна Удварди жұбымен кездеседі. Айта кетейік, Анна Данилина бұрын-соңды WTA 500 турнирінің финалында өнер көрсеткен емес.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу