Үш қазақстандық теннисші екінші айналымда

2322

Мельбурнде өтіп жатқан Australian Open турнирінде бүгін үш қазақстандық теннисші екінші айналымға жолдама алды. 

Үш қазақстандық теннисші екінші айналымда

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Елена Рыбакина алғашқы айналымда әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген, қазір 145-сатыда тұрған ресейлік Вера Звонаревамен шеберлік байқасты. Тәжірибелі Звонарева 36-да болса, Рыбакина 21 жаста ғана. Бірінші сетті Вера өз пайдасына жазды – 6:4.

Екінші партияда Елена 3:0 есебімен алға кетті. Ресейлік теннисші қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы өз дегеніне жете алды – 6:4. Шешуші, үшінші сетте қазақстандық теннисші тағы да 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Әйткенмен ол матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Тартысты матч 2 сағат 5 минутқа созылды.Елена екінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, франциялық Фиона Ферромен кездеседі.

Сонымен қатар, Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Бублик бастапқы кездесуін рейтингте 58-орында тұрған словениялық Аляж Беденемен өткізді. Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылығын танытты – 6:4. Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Александр брейк жасай білді. Сосын өз геймінде мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5. Есесіне үшінші партияны А.Бедене брейкпен бітірді – 7:5. Төртінші сетте есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейкке қол жеткізді. Содан кейін екінші матчболын пайдалана алды – 6:4. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 38 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, сербиялық Душан Лайович немесе рейтингте 201-сатыдағы украиналық Сергей Стаховскийдің біреуімен кортқа шығады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Зарина Дияс та алғашқы айналымнан сүрінбей өткен болатын. Ол словениялық Тамара Зиданшектен 6:2, 7:5 есебімен басым түсті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу