"Тобыл" Қостанайда "Хайдукты" 4:1 жеңіп, Конференция лигасының 3 іріктеу кезеңіне өтті. Бұл сында Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері Словакия елінің "Жилина" командасымен ойнайды. Матч 5 тамыз күні "Тобылдың" алаңында өтсе, екінші матч 12 тамыз күні Словакия жерінде ойналады. Қостанайдың орталық стадионы УЕФА сертификациясынан өте алмай қалып, енді "Тобыл" өз алаңындағы матчты "Астана Аренада" ойнауы тиіс. 2 тамыздан бастан Нұр-Сұлтан қаласы карантин режіміне өткендіктен, матчқа жанкүйерлер кіргізілмейді. Жасанды алаң қайта "Тобылға" септігін тигізіп, қарсылас команда соның зардабын шегуі мүмкін. Айта кетейңк екінш іріктеу кезеңінде "Жилина" кипрлік "Аппалон" командасын жеңіп шықты. Десе де, қос матчтың қорытындысы бойынша Қазақстанның командасы келесі кезеңге өтуі тиіс деп отырмыз.
"Астана" әупірімдеп жүріп келесі кезеңге өтті. Осы кезеңдегі ең мықты команданың бірін артқа тастады. "Арис" сапалы легионері бар тегеурінді ұжым еді. Томасов ойнамаса да, сырт алаңда тәжірибиеге сеніп ойында керек нәтижеге қол жеткізді. Елордалықтардың қарсыласы КуПС немесе "Ворскла" командасы болуы тиіс еді. Фаворит украин командасы болғанымен келесі айналымға финляндиялықтар шықты. Олар Адеринсола Эссола мен Иван Пешич ойнайтын "Ворскланы" кеше 3:2 есебімен жеңді. Қос ойынның қорытындысы 5:4. Айтпақшы "Ворскла" бапкері Юрий Максимов кезінде "Тараздың" жаттықтырушысы болған еді. Алғашқы матч 5 тамыз күні Суоми елінде өтсе, қарымта кездесу 12 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында ойналады. Теке тірес фавориті "Астана" екені айдан анық.
Румын клубы "Стяуа" "Шахтерге" неше түрлі қысастық жасағанымен келесі айналымға өте алмады. Қарағандылық клуб сырт алаңда ойнауға мәжбүр болып, ашуға мінді. Кішігірім сенсация жасап келесі айналымға өтті. Еревандағы ойында пенальти топтамасында басым болып, румындарды сабасына түсірді. Енді үшінші айналымда "кеншілер" "Колос" деген командамен кездеседі. Бұл ұжым Украина біріншілігінің ортаңқол командасы. Өткен маусымда 4 орын алып, Конференция лигасының үшінші кезеңіне бірден жолдама алды. Ішікі біріншіліктері енді басталып, 1-турда "Колос" "Верес" деген командамен 0:0 тең түсті. Құрамында бір бразилиялық және бір Словения елінен келген жас жартылай қорғаушы бар. Қалғандары Белорусь пен Әзербайжан елінен келген легионерлер. Ойын тәжірибиесін жинамаған, ресми ойындар көп ойнамаған, өз бабын әлі таба алмай жатқан команда. Сондықтан да, "Шахтерде" мүмкіндік бар деген сөз. Алғашқы матч "Колостың" алаңында өтеді.
Сөз соңында Еуропа лигасы жайлы да сөз қозғай отырайық. "Қайрат" үшінші кезеңде "Алашкерт" командасымен ұшырасады. Арменияның бұл командасын алматылықтар оңай жеңеді деген ойдамыз. Алғашқы матч 5 тамыз күні Алматы қаласында өтеді. Бірақ, пандемия жағдайына байланысты бұл кездесуге де жанкүйерлер жіберілмейді.
Ермұхамед Мәулен