Үш күнде 1 541 салымшыға 7,8 млрд теңге өтемақы төленді

5632

Qazaq Banki салымшыларына төленетін өтемақының жалпы сомасы ҚДКБҚ резервінің 3%-нан аспайды.

Үш күнде 1 541 салымшыға 7,8 млрд теңге өтемақы төленді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) сот шешімімен қаржы операциясын жүргізу құқығынан айырылған Qazaq Banki АҚ-ның салымшыларына агент-банк ретінде таңдалған "Банк ВТБ" арқылы өтемақы төлеп жатыр.

2019 жылдың 24 маусымына дейін "Банк ВТБ-ның" ел аумағындағы 17 бөлімшесі Qazaq Banki АҚ-ның 18 246 мың салымшысына 20,5 млрд теңгесін қайтарады. Өтемақы 10 млн теңге ұлттық валютадағы, 5 млн теңге шетел валютасындағы депозитке төленеді. Бір салымшының Qazaq Bankiне теңгемен және шетел валютасымен орналастырылған 15 млн теңге жиынтық ақшасына да өтемақы беріледі. Атап көрсетерлігі, шетел валютасындағы депозитке төленетін өтемақы 5 млн теңгеден аспайды. Депозитте шетел валютасымен сақталған салымның өтемақысы теңгемен төленеді. Агент-банкте ақшаны нақты алу күніне қарамастан өтемақы сомасын есептеу үшін 2018 жылғы 12 желтоқсандағы айырбас бағамы қолданылады.

ҚДКБҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, соңғы 3 күнде 1 541 салымшыға 7,8 млрд теңге өтемақы берілген.

"Салымшылар ақша қаражатын дереу және қолма-қол алуға асығып жатыр. Салдарынан дүрбелең тууда. ҚДКБҚ агент-банк арқылы Qazaq Banki АҚ-ның барлық салымшыларына өтемақыны кепілдік берілген сома көлемінде толық төлейді. Qazaq Banki салымшыларына төленетін өтемақының жалпы сомасы ҚДКБҚ резервінің 3%-нан аспайды. Салымшыларға алаңдаудың қажеті жоқ, олардың барлығы өздеріне тиесілі ақшаларын алады", – деп хабарлады ҚДКБҚ баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, депозиттерге кепілдік берілген өтемді алу үшін Qazaq Banki АҚ-ның салымшылары жеке бастарын куәландыратын құжатпен "Банк ВТБ" АҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып, өтемақы алу туралы  

өтініш толтыруға тиіс. Өтініш бланкісін агент-банктен алып, сол жерде толтыруға немесе ҚДКБҚ сайтынан электронды нұсқасын жүктеп, алдын-ала толтырып келуге болады. Атап көрсетерлігі, өтемақыны алу үшін Qazaq Banki АҚ мен жасасқан салым шарты талап етілмейді. Себебі салымшыға қатысты ақпарат жеке басты куәландыратын құжат арқылы анықталады.

Өтемақы 6 ай, яғни 2018 жылғы 24 желтоқсаннан 2019 жылғы 24 маусымға дейін төленеді.

Агент-банк Qazaq Banki АҚ салымшыларының өтемақысын өтініш берілген күні төлейді. Өтемақы сенімхатпен немесе үшінші тұлғалар мен мұрагерлердің қатысуымен алынатын болғанда ғана төлем мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұлай болғанның өзінде төлем мерзімі 5 жұмыс күнінен аспайды.

Салымшының таңдауы бойынша өтемақы қолма-қол ақшамен агент-банктің кассасында төленеді немесе қолма-қол ақшасыз салымшының өтінішінде көрсетілген дерек бойынша агент-банктің немесе кез келген басқа банктің  шотына аударылады.

ҚДКБҚ және агент-банк өтемақы алатын Qazaq Banki АҚ салымшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолданады. Операциялық бөлмелерде агент-банктің күзет қызметінің кезекшілігі ұйымдастырылды және агент-банк аумақтық ішкі істер органдарының күшейтілген бақылауында болады.

Агент-банкке жарты жыл ішінде жүгінбеген салымшылар өтемақыны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан тікелей ала алады.

Естеріңізге салайық, Qazaq Banki АҚ ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы шешімімен қаржы операциясын жүргізу лицензиясынан айырылды. Ал 2018 жылғы 24 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Qazaq Banki АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарды. 2018 жылы 29 қарашада сот шешімі бойынша апелляциялық шағым берілді. Апелляциялық шағым бойынша сот ісінің тоқтатылуына байланысты, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 24 қазандағы шешімі 2018 жылы 12 желтоқсанда заңды күшіне енді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу