Ұшаққа зәру Ресей Орталық Азия әуе компанияларынан көмек сұрай бастады

1292

Дегенмен, санкциядан қауіп төніп тұрғандықтан, Мәскеуге мұндай жәрдем көрсетілуі екіталай. 

Ұшаққа зәру Ресей Орталық Азия әуе компанияларынан көмек сұрай бастады Фото: mk.ru

Батыстың санкцияларына байланысты ұшақ тапшылығына тап болған Ресей кейбір Орталық Азия елдерімен әуе компанияларының ішкі рейстерді орындауы мен жолаушылар сұранысын қанағаттандыруы жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Украинадағы соғысқа дейін жеткізілген көптеген батыстық ұшақтарды пайдаланатын ресейлік авиакомпаниялар бүгінде әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты әрең қанағаттандырып отыр. Өйткені санкциялар қосымша бөлшектерге қол жеткізуге кедергі келтіріп отыр. Ал, отандық өндірісті күшейтуге әлі талай уақыт қажет.

Ресей Көлік министрі Роман Старовойт өткен аптада Ресей "дос" елдермен, соның ішінде Қазақстанмен шетелдік компаниялардың ішкі рейстерді орындауы туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ресейлік ақпарат агенттіктері.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей мұндай ұсынысты Өзбекстанға да жасаған. Ресми Тәшкент бұл мәселені қарастырып жатыр екен.

"Бүгінге дейін бұл мәселе бойынша ресейлік тараптан ресми өтініш түскен жоқ", – деп хабарлады Қазақстан Көлік министрлігі.

Тәжікстан мен Қырғызстан билігі де өздеріне Мәскеуден ешқандай ресми өтініш түспегенін айтып отыр.

Санкциялар қаупі

Ресейлік Nordic Star заңгерлік фирмасының серіктесі Артем Жаворонковтың айтуынша, Орталық Азия әуе компаниялары Ресейдің ішкі рейстерін орындауға тәуекел етуі екіталай, өйткені бұндай әрекет оларды да Батыстың санкцияларына ұшыратуы мүмкін.

"Бұл – үлкен тәуекел және көрші елдердің ірі компаниялары оны қабылдай қоюы екіталай", – дейді Жаворонков.

Ресей әуе компаниялары Батыстың санкцияларының әсерінен және Еуропаның көп бөлігі әуе кеңістігін жауып тастағандықтан, 2022 жылы жолаушылар санын 14,7%-ға дейін, яғни,  94,7 миллионға дейін азайтып алды.

Дегенмен, Ресейдің азаматтық авиацияны бақылау органы – "Росавиацияның" дерегінше, жолаушылар саны 2023 жылы 11,3%-ға өскен және биыл тағы да көбеюі ғажап емес.  

Мәскеу 2030 жылға қарай ресейлік әуе компанияларды 1000-ға дейін отандық ұшақпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, бірақ бұндай өндірістің іске қосылуы үнемі кейінге шегеріліп келеді.

"Ростек" мемлекеттік конгломератының басшысы Сергей Чемезов сәрсенбіде парламентте айтқандай, MS-21 және Superjet New ұшақтарын сериялық өндіру сәйкесінше 2025 және 2026 жылдары басталады.

Ресейдің қазіргі ережелері шетелдік әуе компанияларына тек Ресей қалалары мен шетелдегі әуежайлар арасында ұшуға ғана рұқсат береді. Әуе саласы өкілдерінің айтуынша, шетелдік авиакомпаниялар бұл ережелер жаңартылған күннің өзінде жалға берушілер мен сақтандырушылардан рұқсат алуды қиындатуы мүмкін.

Қазақстанның Көлік министрлігі жолаушылар тасымалы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15%-ға өскендіктен, ең алдымен өз еліміздегі сұранысты қанағаттандыруға көбірек көңіл бөлетінін мәлімдеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу