Премьер-министр Олжас Бектенов ұшақтардың кешігу жағдайлары әуе компаниялары мен әуежайлардың арасындағы ретсіз жұмыстардың кесірінен болатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда авиация саласының өсу резервтері және алдағы жылға арналған міндеттер айқындалды. Дегенмен, сұрақтар бар, дейді ол.
"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуе апатын тергеу және оған жол бермеу шараларын қабылдауды жеке ведомство жүзеге асырады. Алайда министрлік заңнамаға қажетті түзетулер енгізуді ұзаққа созып жіберді. Тездетіңіздер. Бұл қызмет биылдан қалмай жұмыс істеуге тиіс. Біздің алдымызда 2028-ші жылға қарай Қазақстан арқылы жүктерді әуе көлігімен тасымалдау көлемін екі есе арттыру міндеті тұр. Сондықтан Көлік министрлігіне халықаралық нарықта лайықты орын алатын жүк тасымалдаушы ұлттық әуе компаниясын құру жұмысын жеделдетуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр ішкі ұшу сапарларының жиілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ұшу сапарларының географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Бірақ әуе рейстерінің кешігу жағдайлары да орын алып жатыр. Көбінесе бұл әуе компаниялары мен әуежайлардың арасындағы ретсіз жұмыстардың кесірінен туындап жатады. Сондықтан министрлікке өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін пысықтауды тапсырамын. Жолаушылар тасымалын дамыту мақсатында қолданыстағы әуе кемелерінің паркін үнемі толықтырып, жаңартып отыру қажет", – деп атап өтті ол.
Олжас Бектенов әуе компаниялары қарыз алу және лизинг тетіктерін пайдаланатынын айтты. Бұл жұмысқа даму институттарын, соның ішінде квазимемлекеттік даму институттарын да белсенді тарту тапсырылды.