Ұшақтардың шет елдерде тіркелуінен қауіп-қатер жоқ

377

Алайда тіркелген мемлекетте әуе кемелері қаншалықты жіті тексерілетініне байланысты сұрақ бар.

Ұшақтардың шет елдерде тіркелуінен қауіп-қатер жоқ Фото: canva.com

Күні кеше Мәжілісте отандық авиация мәселелері қаралды. Депутаттардың Air Astana компаниясына қатысты сын-ескертпелері көп болды. Елдегі ең ірі әуе тасымалдаушының ұшақтары Ирландияда тіркелген. Бұдан басқа рейстердің кешігуі, билет бағасының жоғары болуы сынды мәселелер де жетерлік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың сөзінше, ұшақтардың шет мемлекетте тіркелуінде ешқандай қауіп-қатер жоқ. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар.

"Мысалы, солтүстіктегі көршіміздің ұшақтарының бірқатары шет елдерде тіркелген. Бірақ бұл жерде басқа мәселе бар. Шетелде тіркелген ұшақтар біздің азаматтық авиация әкімшілігінің тексерулерінің кейбіреуінен өтпейді. Осындай қауіп бар. Тіркелген елдің инспекторлары қаншалықты күмән келтірмейтін тексерулерді өткізетініне сұрақ туындауы мүмкін. Осы бағытта ешкім сұрақ қоймайды. Былтыр әуе компанияларына осы сауалды қойғанда, олар "Қазақстанның азаматтық авиация саласы қара тізімге кіріп кету мәселесі бар болғандықтан, осындай өздеріне жол тауып отырғанын" айтқан болатын. Сондықтан бұл бір жағынан біздің еліміздегі авиация саласына күмән бар екендігінің көрсеткіші. Осы жағынан да қарау керек деп ойлаймын", – деді ол редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Осыған дейін де әуе рейстерінің кешігуі туралы айттық. Бірақ мәселе әлі күнге шешілмей келеді. Осы тұста елдегі әуе компанияларының қызметіне бақылау әлсіз бе деген сұрақ туындайды.

"Рейстердің кешігуі туралы айтсақ, көбінесе ұшақтар ауа райына байланысты кешігеді. Бұдан басқа бұл техникалық жағдайға, қосымша ұшақтардың саны аз болғанына да байланысты. Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, бүгінде 102 ұшақ жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен айналысады. Келесі жылы қосымша 18 ұшақ қосылмақ. Сонымен қатар ұшақтар болмағандықтан, уақытылы бір ұшақты екінші ұшаққа ауыстыра алмайды. Техникалық себептерге байланысты, біз көптеген кешігулерді байқап отырмыз", – деді Абыл Кекілбаев.

Сала маманы елдегі әуежайлардың инфрақұрылымына бөлек тоқталды.

"Әуежайлардағы жабдықтардың 70 пайыздан көбі он екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатыр. Кейбіреулерінде бұл көрсеткіш 20 жылдан асқан. Олардың бірқатарында қажетті жабдықтардың жоқтығы да көрсетілген", – деді сарапшы.

Абыл Кекілбаев нарықта бәсекелестіктің болмауынан ұшақтар кешігеді деп отыр.

"Әсіресе, ішкі нарықта көп бағытта бір ғана әуе компания жұмыс істейді немесе аптасына бір-екі рейс қана жүреді. Бір бағытта бірнеше әуе компания ұшып, рейстердің саны көп болуы тиіс", – деп атап өтті сала маманы.

Әлемде әуе компанияларының қызметіне бақылау қалай жүргізіледі?

"Халықаралық тәжірибені алсақ, дамыған мемлекеттер мен Еуропада әуе компанияларды тек ұшу қауіпсіздігіне ғана емес, экономикалық жағынан да қосымша қадағалап отырады. Әуе компанияның қаржылық жағдайы қандай, жаңа бағыттар ашылған жағдайда оған қаржысы жете ме – осының бәрін қадағалайтын арнайы инспекторлар болады. Бізде әуе компанияларының лизингтерінің қаншалықты тиімді екенін, техникалық жабдықтарын жөндеуден өткізу қаншалықты дұрыс екенін, оған қоса тарифтердің мәселесін экономикалық тұрғыдан қадағалайтын инспекторлар жоқ", – деді авиация сарапшысы.

Оның сөзінше, ең қатаң тексерулер АҚШ пен Еуропада жүргізіледі.

"Сол жақтағы әуе компаниялары өте күрделі техникалық тексерулерден өтеді. Мысалы, Қазақстанмен салыстырсақ, Air Astana компаниясын біреудің бірде-бір рет техникалық тексеруден өткізгенін 20 жылда естіген жоқпын. Былтыр ғана бір рет Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті тексерді. Оның алдында бірнеше рет азаматтық авиация комитеті тексереді деген ақпарат таратылған, бірақ олардың нәтижесі бізге белгісіз", – деді Абыл Кекілбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу