Ұшақтарға 20 келі чемоданмен тегін кіру жойылды

2816

Осылайша, отандық лоукостердің лоббиі жүзеге асырылды.

Ұшақтарға 20 келі чемоданмен тегін кіру жойылды

Қазақстанда ұшақтарда 20 келі жүкті тегін алып жүру жойылды.

Сенат "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдаған болатын. Бұл түзетулер бойынша енді багаждың құнын әуе тасымалдаушыларының өздері анықтайтын болады.

Бұл заң күшіне енуі үшін оған алда Президент қол қоюы керек.

Қазіргі қолданыстағы "Көлік туралы" заңы бойынша жолаушылар кез келген қазақстандық ұшаққа жиырма келі жүкті тегін арта алады.

"Әуе көлiгiндегi, қала және қала маңындағы автобус тасымалдарында тегiн алып жүретiн қол жүгi мен теңдеме жүктiң салмағы 20 килограмнан аспайтын болып белгiленедi. Әуе кемесінің салонына кіргізілетін қол жүгінің жалпы салмағын және оның шекті көлемін тасымалдаушы белгілейді", –  делінген осы заңның 13-ші бабында.

Алайда жаңа қабылданған заң бұл талаптың күшін жоймақ.

"Әуе көлігінде тегiн алып жүретiн қол жүгінің және багаждың салмағын, габаритін, нормасын тасымалдаушы белгілейді", – деп жазылған қолданыстағының орнына келетін жаңа заңда.

Осылайша, жақында сенаторлар және оның алдында мәжілісмендер мақұлдаған түзетулер бойынша ұшақтарда тегін алып жүретін жүктің заңмен бекітілген нақты көлемі жойылды. Оны қаншаға дейін азайтам десе, ол әуе компаниясының өз еркінде болмақ.

Бірден айта кетелік, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі енгізген заңның үкіметтік нұсқасында бұл түзету болмаған. Оны Мәжілісте талқылау барысында Павел Казанцев бастаған төменгі палата депутаттары енгізді. Оның түсіндіруінше, түзету авторлары осы арқылы әуе билеттерінің құнын төмендетуді көздеген.

Алайда егер осы заң жобасына осы күйде қол қойылса, онда қазақстандықтарға және шетелдік қонақтар мен туристерге ұшаққа тапсыратын жүгінің әрбір келісі үшін жеке төлеуге тура келуі ықтимал.

Ал билет бағасы төмендемеуі мүмкін. Себебі, теңгенің девальвациясы кесірінен онсыз да шығынға шыққандарына әуе тасымалдаушылары шағымданып та жүр.

Әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдірген қоғам белсенділері бұл заң нормасы тұтынушының құқықтарын бұзатынын айтып дабыл қағуда. Олар бұл түзетудің отандық лоукостер мүддесін ғана көздейтінін айтады.

Осы дүрлігуге үн қатқан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы түсініктеме таратты. Онда ведомство бұл норманың шынында Қазақстанның тұңғыш лоукостері FlyArystan өз қызметін бастауы үшін қабылданып отырғанын жасырмады.

Ведомство жүкті алып жүру ешқашан тегін болмағанын, онсыз да әр адамның 20 келі шабадан алып жүруі үшін билет құнына 4 мың теңгедей құн қосылатынын айтады.

"Бағаж тасымалына қатысты түсініктеме берсек, бұрынғы 20 келіге дейінгі багажды тегін алып жүру нормасы шын мәнінде ақылы болатын: жолаушының тіркелген багажының бар не жоқтығына қарамастан, әрқашан билет құнына бағасы 4000 теңгеден басталатын тариф қосылып келді. Мысалы, багажсыз саяхаттайтын жолаушы тасымалдау тарифіне қоса, әуе компаниясының багажды тасу шығындарын да төлейді. Бюджеттік әуе компанияны, яғни лоукостерді іске қосу мақсатында енді әуе көлігіндегі багаж нормасын тасымалдаушының өзі белгілейтін болды. Заңнамалық тұрғыда осындай өзгеріс енгізілді", – деп мәлімдеді министрлік.

Ол бүкіл әлемде лоукостер қызметі тиімділігін көрсеткенін, өйткені олардың билет құны төмен екендігін, сондықтан Қазақстан да осы жолға түсіп отырғанын алға тартады. Алайда, өз қызметінен пайда табуы үшін "ФлайАрыстанға" өзі бекіткен бағамен жолаушылардан жүгінің әр келісі үшін ақы алуға рұқсат етпек.

"Лоукостер тарифін төмендетуі үшін оның барлық мүмкін бағыттар бойынша шығындарын төмендету, сондай-ақ багаж, ұшақ ішіндегі тамақтану немесе отыратын орынды таңдау және тағы да басқа қосымша қызметтерді билет құнынан алып тастау қажет", – дейді министрлік.

Оның мәліметінше, FlyArystan отандық лоукостерін іске қосу билет құнын төмендету арқылы халыққа әуе көлігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Лоукостер биыл 1 мамырда "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша алғашқы рейсін орындайды деп жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде барлығы 6 бағытты іске қосу жоспарлануда, оның ішінде "Алматы-Қарағанды", "Алматы-Тараз", "Алматы-Орал", "Алматы-Павлодар" және "Алматы-Шымкент" бағыттарында ұша бастайды. Билеттерді сату 29 наурызда басталды. "Аталған бағыттардағы тарифтер 3 мың 999 теңгеден 12 999 теңгеге дейін барады" деп хабарланған болатын.

Ал 2023 жылға қарай лоукостердің ұшатын бағдарларының жалпы саны 54-ке дейін арттыру жоспарлануда.

"Атап өту керек, "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы" индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрығына тиісті өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, багажсыз тасымалдау құқығы тек лоукост-тасымалдаушыға – FlyArystan-ға ғана берілетін болады. Бұл ретте салмағы 5 келіге дейінгі қол жүгін тегін алып жүруге рұқсат етіледі. 20 келі тегін жүк нормасы қызметтердің толық спектрін көрсететін тасымалдаушылар ретінде басқа әуе компанияларында ары қарай сақталады", – деп сендіреді Роман Скляр басқаратын осы министрлік.

"Лоукостер – билет құнынан мысалы, багаж құнын, борттағы тамақтануды, орын таңдауды және басқа да қызметтерді бөліп алатын компания болып табылады. Сондықтан бұл норма заң түрінде емес, заңнамалық акт, бұйрық деңгейіне жатқызылды. Осы орайда мен лоукост форматында жұмыс жасамайтын басқа әуе компанияларына осы норманы қолдануына тыйым салатын бұйрыққа қол қойдым", – дейді Роман Скляр.

Дегенмен, жұртшылықты орын таңдауға ұлықсат етпейтініні алаңдатады. Мәселен, ананың қасында жас балалары болса, олардың барлығын шешесі қасына ала алмайды, ұшақ ішіне тарыдай шашылмақ. Егер жанына жиғысы келсе, қосымша төлеуі керек.

Сатып алушылар жария етілген 3 999 теңгенің билетін де таппағандарын айтады.

"ФлайАрыстанның" ресми интернет ресурсында айтылғандай, егер жолаушының 10 келі қол жүгі, 20 келі шамаданы болса, отырғысы келетін орнын таңдаса, ұшаққа бірінші болып кіргісі келсе, 1 рет ұшу уақытын тегін өзгерту құқығын сақтағысы келсе, онда лоукостермен ұшу билетінің бағасы 24 мың теңгеге жуықтайтын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу