"Ұшақты құлата жаздады": Дубайдан Израильге ұшқан ұшақтың ұшқыштары өзара төбелесіп қалды

236

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағы борттағы оқиғадан кейін бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонды. 

"Ұшақты құлата жаздады": Дубайдан Израильге ұшқан ұшақтың ұшқыштары өзара төбелесіп қалды Фото: canva

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшу кезінде ұшақ кабинасында екі ұшқыш арасында жанжал болған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері аман, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға 30 қыркүйек күні Flydubai компаниясының FZ1073 рейсінде болған. Boeing 737 ұшағы Дубай халықаралық әуежайынан Израильдегі Бен-Гурион әуежайына бет алған.

Ұшақ Иордания әуе кеңістігі маңында болған кезде бірнеше төтенше сигнал берген. Flightradar24 деректеріне сәйкес, әуе кемесі алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, бірнеше минуттан кейін әуе кемесіне заңсыз араласу болуы мүмкін екенін білдіретін 7500 кодын таратқан. Кейін қайтадан 7700 сигналы берілген.

Сол уақытта ұшақтың биіктігі де күрт төмендеген. Flightradar24 мәліметінше, әуе кемесі шамамен 30 секунд ішінде 14 мың футқа жуық төмендеген. Бұл жағдай әуе қозғалысын бақылаушылар мен Израиль тарапында алаңдаушылық туғызған.

Ұшқыштар арасында не болды?

Reuters агенттігіне аты-жөнін атамаған Израиль шенеунігі ұшқыштардың арасында физикалық жанжал болғанын айтқан. Оның мәліметінше, төтенше сигналдар осы жанжал кезінде берілген. Алайда сигналдарды нақты кім және қандай жағдайда іске қосқаны әзірге белгісіз.

Жолаушылардың бірі Израильдің Channel 12 арнасына ұшақтың алдыңғы бөлігінен айғай-шуды естігенін айтып берген. Reuters агенттігі бұл мәліметтерді тәуелсіз түрде растай алмағанын жазды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ұшақ ішіндегі қанды киімнің фотосы тараған, алайда оның түпнұсқалығы да әзірге расталмаған.

Кейбір израильдік БАҚ-та жанжал кезінде бір адамның пышақ ұстағаны және ұшқыштардың бірі жарақат алғаны туралы мәліметтер жарияланды. Алайда бұл деректердің барлығы әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Израиль әскери ұшақтарын көтерді

Төтенше сигналдардың берілуі ықтимал әуе кемесін басып алу қаупін туғызған. Осыған байланысты Израиль әскери-әуе күштері ұшақтарын көтеріп, жағдайды бақылауға алған.

Израиль премьер-министрі кеңсесі кейін жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Алдын ала бағалау бойынша, оқиға ұшақты басып алу әрекеті болмаған. Израиль тарапы жолаушыларды елге қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Сонымен бірге, Reuters агенттігі кейін Израильдің кейбір қауіпсіздік өкілдері оқиғаның бір ұшқыштың әрекетіне байланысты болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатқанын хабарлады. Бұл нұсқа бойынша тергеу жалғасып жатыр және оны түпкілікті расталған факт ретінде қарастыруға әлі ерте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу