Үшсайысшы қызымыздың қола жүлдесі қайда кетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2311

Триатлоншы Арина Шульгинаның жүлдесі әзірше біздің елдің атына жазылмайды.

Үшсайысшы қызымыздың қола жүлдесі қайда кетті

Оңтүстік Кореяның Кенджу қаласында үшсайыстан, яғни триатлоннан әр жас шамасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақ елі спортшылары кешеден бері үш жүлде олжалады. Бейсенбіде қыздарымызға қола медаль ғана бұйырса, бүгін жігіттеріміз бір алтын және бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Әйелдер мен қыздар арасындағы Құрлық біріншілігі жарыстары кеше өткен. Әрі біздің елге бір қола бұйырған. Бірақ әйелдер арасында 3- орынға ие болған Арина Шульгина әлі ITU (Халықаралық триатлон одағы) туы астында өнер көрсететін спортшы болып есептеледі. Өйткені ол – Ресей тумасы. Қазақстан азаматтығын алса да, трансферттік кезеңі әлі түгесілген жоқ. 

Сол себепті Аринаның жүлдесі ITU және Азия триатлон федерациясының ресми сайтында біздің елдің еншісіне жазылмайды. Десек те Қазақстан триатлон федерациясының ресми сайты "әйелдер арасында Азиядан алғаш рет жүлде алдық" деп сүйінші сұрап жатыр. Жас қыздарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүргенінің өзі жоғары бағаланып отыр.

Өкінішке қарай Аринамен бірге сынға түскен Ғазиза Құмақбаева әу баста алдыңғы лекте болғанмен, ереже бұзғаны үшін көмбеге дейін бұл жарыстан аластатылды. Бойжеткендер арасындағы Құрлық біріншілігінде Ашраф Камалова 17-орынды, ал Надежда Бекмағанбетова 18-орынды қанағат тұтты. Ал 23 жасқа дейінгі қыздар арасында біздің елден ешкім сынға түскен жоқ.

Кеше 23 жасқа дейінгі үшсайысшылар сынға түскен. Мұнда біздің елдің триатлоншылары өте жоғары нәтиже көрсетті. Дарын Қонысбаев жастар арасында топ жарып, Азия чемпионы атанды. Уақыты – 01:52:38. Жүзуде де, веложарыста да алдыңғы лекте болып, соңғы кезеңде (жүгіру) бәрінен қара үзіп келді.

Дәл осы сында Мейірлан Ысқақов үшінші орынға ие болып, Азияның қола жүлдегері атанды (01:53:56). Екі қазақтың ортасына Гонконг спортшысы Вонг "сына қақты" (01:53:22). Дарын мен Мейірланға көмектесіп, үшеуі тізе қоса әрекет еткен тағы бір спортшымыз, яғни Семен Пивоваров 8-орынға ие болды (01:56:56).

Ерлер арасында Аян Бейсенбаевқа ерекше сенім артқан едік. 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегерінің өзі де жүлдеге ілігуді мақсат тұтқан болатын. Алайда Аянның бағы жанбады. Ересектер арасындағы үшсайысшылар жарысы басталғанда, күн ысып кетіп, Қазақ елі құрамасының үздігі 6-орынды қанағат тұтты (01:53:09).

Аянмен бірге бәйгеге түскен Темірлан Теміров сенімді ақтап, 7-орынға ие болды (01:53:19). Ал бірінші орын Гонконг үшсайысшысы Оскар Коггинске (01:50:34) бұйырды. Екінші және үшінші орындарды жапон жігіттері Т.Ходжо және Ш.Ишитсука өзара бөлісті. Төртінші-бесінші орындарды да "Күншығыс" елі өкілдері иеленді.

20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Данил Зубцов 9-орынға, Денис Туницкий 10-орынға, Ерасыл Аманжолов 26-орынға, ал Асатбек Нарметов 27-орынға ие болды. Соңғы үшсайысшымыз – 16 жастағы жас спортшы. Ол осы Азия чемпионатындағы ең жас триатлоншылардың бірі болып шықты. Бүгін 15 жасқа дейінгі үшсайысшылар жарысы мен эстафеталық сайыстар басталады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу