Ушыққан жанжал өңірлік ұлттық компаниялар реформасын тездетті

260

Олардың шеккен залалы 7 есе өсіп, 209,5 млрд теңгеге жеткен. 

Ушыққан жанжал өңірлік ұлттық компаниялар реформасын тездетті Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) тарихы 2007 жылдың сәуір-мамыр айларында, үлкен үміт пен асқақ жоспарлармен басталған еді. Ұлттық компания мәртебесі бар АҚ ретінде құрылған бұл құрылымдар шикізаттық емес секторды серпілтетін, өңірлерге инвестиция тартатын қуатты құралға айналуға тиіс еді.

Олар ірілендірілген макроөңірлерде мемлекет мен жеке сектордың басын біріктіретін бірегей көпір рөлін атқаруы керек еді. Бастапқыда бір ӘКК бірден бірнеше облысты қамтығанымен, 2010 жылғы наурыздағы қайта құрылымдау бұл жүйені бөлшектеді: енді әрбір өңір өз ӘКК-іне ие болды.

Алайда кейінгі жылдары бұл институттар дамудың драйвері емес, қарша бораған сынның нысанына айналып жүр. Парламент пен мәслихат депутаттары бұл құрылымдардың тиімсіздігін, үмітті ақтамағанын ашық мәлімдеуде. Жүйелі дағдарыстың соңғы дәлелі әрі төзім теңізін тасытқан соңғы тамшысы – Ақтөбедегі резонансты жанжал болды. Онда жергілікті ӘКК-нің қысымшыл әрекеті кесірінен бес қабатты үйдің бейкүнә тұрғындары шоттары мен мүліктерінің жаппай бұғатталуына тап болды. Миллиондаған теңгелік қисынсыз талаптар тіпті о дүниелік болған адамдардың атына да жолданғаны жұрттың жағасын ұстатты.

Коммуналдық "тозақ": тіріні тұйыққа тіреп, марқұмды борышкер қылды

"Диапазон" газетінің мәліметінше, Сәтбаев көшесіндегі тағдыры қиын №15 үй ақпарат құралдарының назарына бірінші рет ілігіп отырған жоқ. Бес қабатты бұл ескі үйге былтыр ТКШ-ны модернизациялаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген екен. Бірақ тұрғындар үшін бұл тәжірибе нағыз "тозаққа" айналды. Құрылысшылар кете салысымен, үйде кәріз жүйесі бітеліп, кейбірі дәретханасына бара алмай қалған. Үйдің қабырғалары қақырай сөгіле жөнелген. Алғашқы жаңбыр жауғанда-ақ шатырынан су сорғалаған.

Жұмыс сапасына және оның негізсіз қымбаттығына ашуланған меншік иелері ол үшін төлем төлеуден бас тартып, ӘКК-ні сотқа берді. Тағы бір қисынсыз жайт – сметаға үйде ешқашан болмаған лифтіні "жөндеу шығындарын" қосып жіберген. Бұл "қулығын" елдің біліп қойғанын түсінген мердігер мұны "жай ғана қателік" деп ақталуға асықты: ақшаның мақсатты түрде жұмсалғанын, жоқ лифтілерге қаражат бөлінбегенін айтып, жұртты сендіргісі келді.

Тұрғындар сот процесінде жеңіліп қалды. Осыдан кейін тараптар ымыраға келгендей болып еді: "Ақтөбе" ӘКК" АҚ-ы үйді жөндеу жұмыстары үшін мәжбүрлеп емес, ерікті түрде ай сайын төленетін төлемдердің жаңа кестесін бекітті. Тұрғындар 8 ай бойы соны уақытылы, әрі толыққанды төлеп келген. Бірақ биылғы мамыр айында оларға қарыздың бүкіл сомасын дереу әрі толық өтеуді талап еткен хабарламалар жетіп, тұрғындардың төбесінен жай түскендей етті. Олардың шоттарын және дүние-мүлкін жеке сот орындаушылары бірден бұғаттап тастады. Әділдік таба алмай, тығырыққа тірелген қала тұрғындары амалсыз мәселені қоғам талқысына шығару үшін тікелей ӘКК кеңсесіне журналистерді шақырып, арыз-мұңын жайып салды.

"Мечта" ПИК төрағасы Зульфия Қуатова көз жасын әрең іркіп жұр. Өткен жылы сотта жеңілген соң тұрғындар жеке сот орындаушысының қызметі үшін жүздеген мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Сондай-ақ жаңа келісімшарттар жасасып, тіпті 4 ай алға оза аванс та аударыпты.

"Біз үйді модернизациялағаны үшін 8 ай бойы ақысын мұқият төлеп келдік. Кенеттен, 21 мамырдан бастап "барлық қарызыңды бірден өте!" деген талап түсті. Менің үш бөлмелі пәтерім бар, жөндеу үшін мойныма 1 млн 300 мың теңге қарыз ілінді. Менен бұл соманы бірден аудар деп талап етуде. Тіпті бір жылға жуық уақыт ішінде жіберген ақшамды да шегермеген! Шоттар бұғаттаулы, ал, сот орындаушылары ӘКК-мен айқайласыңдар деп шығарып салды", – дейді ызаға булыққан Қуатова.

Ең сорақысы – талап хаттар және атқарушылық парақтар қайтыс болған адамдардың атына келген. Сол үйде тұрған әйелдің о дүниелік болғанына 40 күн толған, бірақ оның атына бәрібір талап арыз рәсімделген. Зейнеткерге талапта оның төл ЖСН-і көрсетілген, бірақ әлгі өмірден өткен көршісінің аты-жөні жазыла салынған. Енді бұл қарт әйелге тірі екенін және өзінің басқа адам екенін дәлелдеуге тура келуде. Тағы бір пәтердің иесі 8 ай бұрын қайтыс болған. Оның ұлы ӘКК-ге борышкердің өлуі туралы анықтаманы және өзінің мұрагерлікке әлі қол жеткізбегені туралы өтінішті уақытында өткізіпті. Алайда 21 мамырда марқұмның атына миллиондық талап қою шығарылған.

"Қалайша соншалықты салғырт жұмыс істеуге болады?! ӘКК қызметкерлерінің кәсіби жарамдылығын тексеріп, шара қолдануды талап етеміз. Бізге бәрін екі күнде шешіп беруге уәде берген еді, бірақ сергелдеңге түскенімізге бір апта болды, жағдай тек ушығып барады", – дейді Зульфия Қуатова.

Үйдің тұрғыны Дарига Ахметова да күйінішін жасыра алмады: "Хабарлама, ескерту, қаулы және мүлікке тыйым салу – бәрі-бәрі бір күнде жетіп келді! Жеке сот орындаушысын да тағайындап үлгерген. ЖСО модернизация үшін жалпы қарызды бірден өндіріп алу туралы ӘКК хаты негізінде әрекет етіп жатқанын түсіндірді. Әй-шәйға қарататын түрі жоқ. Берешегім 1 млн 390 мың теңге, оған қоса тағы 200 мың теңгені сот орындаушысының қызметіне төлеуім қажет екен", – дейді тұрғын.

"Ақтөбе" ӘКК-і жөндеу үшін толық есептесуді талап еткен хабарламалардың жаппай жолдануын "жүйедегі қателікпен" түсіндірді: мәселені қысқа мерзімде шешу үшін жұмыс істеп жатқанына сендірді.

"Жағдай жүйелік қателіктен туындады: заңгерлер атқарушылық өндірісті автоматты түрде барлық тұрғындарға жаппай жібере салған. Енді біз мәжбүрлеп өндіруді кері қайтарып алу үшін барлық инстанцияларға бірден хат жолдадық. Бірақ тұрғындар көп және әрқайсысына бекітілген сот орындаушылары да әртүрлі болғандықтан, бұл процедура уақытты қажет етеді: біздің заңгерлеріміз әрбір ЖСО-мен жеке-жеке жұмыс істеп жатыр. Мәселе бақылауда тұр", – деді "Ақтөбе" ӘКК" басқарма төрағасының орынбасары Венера Садықова.

Корпорацияның ресми мәліметінше, бес қабатты үйді жөндеудің жалпы құны 120 млн теңгені құраған: оны тұрғындар 7 жыл ішінде төлеуге тиіс. Бүгінде мердігер ұйым жөнсіздіктерін жоюға тырысуда және жөндеу жұмыстарын маусым айының аяғына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

Қаржылық құрдым, шіріген көкөніс және ӘКК деградациясы

ӘКК-терге қатысты күрделі ахуал тек өңірлердегі жекелеген жанжалдардан ғана көрінбейді. Бұл – бастапқы ірі миссиядан жаппай алшақтаудың кесірлі қорытындысы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында ашық әрі кесіп айтқан болатын. Корпорациялар "өңірлердің экономикалық өсуін жеделдететін негізгі қозғаушы тетік" ретінде жоспарланған екен.

Алайда Президент назар аудартқандай, іс жүзінде көптеген ӘКК-нің қызметі коммуналдық мүлікті жай ғана басқарумен және стратегиялық маңызы төмен, ұсақ жобалармен шектеліп қалды. Бұл олардың бастапқы миссиясынан мүлдем ауытқығанын көрсетеді. Мұндай қатал бағаны депутаттық корпус та қолдап отыр.

"Көптеген ӘКК өздерінің басты мақсатын мүлдем ұмытып, тұрғын үйлерді жөндеу, жылжымайтын мүлікті жалға беру, микрокредиттеу және жол құрылысы сияқты өздеріне тән емес жобалармен әуестеніп кетті. Ал, тікелей міндеті – өңірлердің пайдаланылмай жатқан ресурстарын айналымға енгізу, ірі инвестиция тарту, экономикалық тиімділігі дәлелденген, табысты әрі қоғамдық маңызды жобаларды іске қосу. Яғни, олар өңірлік экономиканың нағыз драйверіне айналуға тиіс еді. Өкінішке қарай, бүгінде асқақ мақсаттар мен нақты нәтижелер арасында жер мен көктей алшақтық пайда болды", – дейді мәжілісмен Үнзила Шапақ.

Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы есебіне сәйкес, 2020 жылдан бері тексерілген 13 корпорацияның 8-інің шығыны 7 есеге (!) өсіп, астрономиялық 209,5 млрд теңгеге жеткен! Аудиторлар әшкерелегендей, ӘКК-тер сондай-ақ 138 млрд теңгені талан-тараж еткен. Тиімсіз жоспарлау көлемі 48,1 млрд теңгені құрады. Бұл басқарушылық және қаржылық тәуекелдердің жүйелі сипатқа ие екенін тайға таңба басқандай көрсетеді, дейді депутат.

ӘКК халық үшін ең маңызды мәселені – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру міндетін де жарға жықты. Үнзила Шапақтың байламынша, корпорациялар нарық ойыншыларының дамуына көмектесудің орнына, кейде өңірлік бизнес үшін жасанды кедергілер туындатады екен.

"Тұрақтандыру қорларынан ӘМАТ алушылар пулына қатысу үшін бизнестен, дүкендерден сауда желілерінің болуын талап етеді, ал, ауылдық жерлерде дүкендер желісін кім құрады? Салдарынан, бәсекелі орта тарылды, өткізу арналары бұғатталады, ал, орасан бюджеттік қаражатқа сатып алынған тауарлар мен көкөністер қоймаларда айлап жатып, шіріп, бұзылып, сапасын жоғалтады. Мұның негізгі себебі – нақты стратегиялық бағыт пен бірыңғай даму моделінің жоқтығы. Сондай-ақ құқықтық мәртебесінің толық айқындалмауы. Тағы бір басты проблема – бірінің функцияларын бірі қайталауы", – дейді мәжілісмен.

Үйдің емес, ӘКК-тің модернизациясы: корпорациялардың "еркелігін" қалай тыймақ?

Үкіметте өңірлік саясатқа, өңірлерді дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл сорақы жағдайды түбегейлі өзгертуге уәде етті. Оның мәліметінше, қазіргі кезде Үкімет мемлекеттік мүлік мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын әзірледі. Соның ӘКК-тердің қызметін заңнамалық реттеу арқылы оларды толыққанды өңірлік даму институттарына трансформациялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде екен.

Реформаның негізгі және перспективті бағыттары келесідей:

• Бағдарды түбегейлі өзгерту: ӘКК-терді ұсақ-түйек жобалардан арылтып, жергілікті экономиканы дамытуға инвестицияларды белсенді тартуға бағытталған қуатты өңірлік қорға трансформациялау.

• Бірыңғай KPI енгізу: корпорациялар атқарған жұмысы жөнінде міндетті түрде көпшілік алдында есеп беруге тиіс. Ал, олардың жұмысы тек нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелер (жаңа жұмыс орындары, инвестиция көлемі, шағын және орта бизнес пен инфрақұрылымды дамыту, қосылған құн тізбегін құру) бойынша бағаланады.

• Жалпы экожүйеге интеграциялау: барлық ӘКК-тердің жұмысын ұлттық даму институттарымен қатаң үйлестіру, бірін-бірі қайталауға жол бермеу және инвесторлар үшін "бір терезе" принципін нақты іске қосу.

• Активтерді жаппай тазарту: ауқымды түгендеу-инвентаризация жүргізу, активтерді басқаруды оңтайландыру және барлық бейінді емес әрі мойынға жүк болған "масыл" нысандардан біржола құтылу.

"ӘКК-тердің даму жоспары жаңа функциямен байланысты тиімділіктің түйінді көрсеткіштерін (KPI-ді) қамтиды. Сондай-ақ корпоративтік басқару күшейтілуге тиіс: инвестициялық құзыреттері бар тәуелсіз директорларды енгізу және директорлар кеңесі жанынан инвестициялық комитет құру көзделуде. Тұтастай алғанда, ӘКК енді инвестициялар мен жалпы өңірлік өнімді барынша ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек. ӘКК-тердің өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ету үшін 5 жылдық кезеңге арналған қаржылық жоспар қалыптастырылуда", – деді Жұманғарин.

Келесі жылдың өзінде-ақ, әлгі жаңа заң жобасы қабылданған соң, әкімдіктер ӘКК-тердің барлық активтері мен еншілес ұйымдарын толық түгендеуге міндеттелді. Одан кейін активтерді қайта құрылымдау, барлық бейінді емес мүлік-жоба мен тиімсіз "еншілес" компанияларды аяусыз жабу немесе сату талап етілмек.

Сондай-ақ, көрсеткіштерді қайта қарау мақсатында ӘКК-тердің даму жоспарларын қайта бекіту және қағазбастылықты біржола жойып, корпорациялардың құжат айналымын толықтай заманауи цифрлық форматқа көшіру тапсырылады.

Сонымен қатар, бұл корпорациялардың кейбір оң жұмыс тәжірибесін сақтап қалу да жоспарланыпты. Мәселен, ӘКК-тер Солтүстік Қазақстан облысының табысты үлгісі бойынша агроөнеркәсіптегі ірі жобаларды жеңілдікпен кредиттейтін агенттер ретінде әрекет етуін жалғастырады. Бағдарлама аясында 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен 331,6 млрд теңге жұмсалыпты. Бұл ауыл шаруашылығындағы 253 басым жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу