"Ұсталған Болат Бақауов емес..."

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6671

"Парамен ұсталды" деген оның орынбасары да жұмыста жүр. 

"Ұсталған Болат Бақауов емес..."

Кеше кешкісін әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда "Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен оның көмекшісі парамен ұсталды" деген ақпарат тарап, жұртшылық шу ете түсті. Артынша "Әкімді жиналыс жүргізіп отырған жерінен ұстап, қолына кісен салыпты" деген ақпарат шықты. Енді біреулер оның "параны ақшамен емес, алтынмен алғанын" жарыса жазып жатты. Елдің ентігі басылған сәтте "әкім тергеліп жатыр" деген сөз тарады. Ел ішінде алып-қашпа түрлі әңгімелер айтылып, түрлі байламдар жасала бастағандықтан Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме жасады. 

"БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Павлодар облысының әкімі ұсталды, тергеліп жатыр" деген мазмұндағы хабарламалар мен аудиожазбалар таралуда. Дәл қазіргі уақытта аталған ақпаратты растайтын ресми деректер жоқ. Ресми деректер жарияланғанға дейін қандай да бір тұжырым жасаудан аулақ болуға шақырамыз. Біз Сіздерді өзіміздің әлеуметтік желілер арқылы хабардар ететін боламыз", – делінген әкімдіктің хабарламасында. 

Ал түнгі ондар шамасында Болат Бақауов өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасына күндіз өткізген жиналыстар туралы жазба қалдырды. Жазбаның соңы былай аяқталған: "... Осы аптада Павлодар облысының басқа да басқармаларының қатысуымен алқа мәжілісі форматындағы кездесулерді жалғастыратын боламыз". Жазбаны оқыған адам әкімнің жұмысты одан әрі жалғастыратынын аңғартысы келгенін бірден ұғары анық. 

Бір қызығы, осыдан соң "парамен ұсталған Болат Бақауов емес, оның орынбасары Арыстан Қабыкенов екен" деген ақпарат тарады. Әлдекімдердің жазуынша, "тінту жұмыстары дәл осы Қабыкеновтің кабинетінде жүргізілген".

Көпшілік бүгінгі күнді асыға күтті. Алдын ала жасалған хабарламаға сәйкес, бүгін Болат Бақауов екі бірдей басқарманың алқа мәжілісіне қатысуы керек еді. Алайда, екі жиын да кейінге шегеріліпті. 

Көп кешікпей Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі келесі мәлімдемені хабарлады. 

"Дәл қазіргі уақытта облыс әкімдігінің басшылығы күнделікті режимге сәйкес жұмыс істеуде. Әкім жұмыс орнында жоқ. Дегенмен, ол жұмыс бабы бойынша қала ішінде жүр. Ол таңертең Инвесторлар үйінде жиын өткізуі керек еді. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты кездесуді оның орынбасары Арыстан Қабыкенов жүргізді", – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде. 

Осы хабарламаға сенсек, кеше түнде айтылған әңгімелердің бәрі шындыққа жанаспайтындай. Өйткені, әкім де, оның орынбасары Арыстан Қабыкенов те жұмыста жүр.

Сонда ұсталған кім?

Біз жағдайды назарда ұстайтын боламыз.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу