Лондонда орналасқан 87 қабатты The Shard зәулім ғимаратында үстел теннисінен командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті. Дүбірлі дода 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында Ұлыбритания астанасында өтеді. Бұл жарыс Халықаралық үстел теннисі федерациясының және әлем чемпионаттарының 100 жылдық мерейтойының бастауына айналды.
Турнирге 64 ерлер және 64 әйелдер ұлттық құрамасы қатысады. Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық командалардың қарсыластары анықталды.
Ерлер, №11 топ: Мысыр, Қазақстан, Тайланд, Түркия
Әйелдер, №5 топ: Бразилия, Чехия, Қазақстан, Моңғолия
Жарыс форматына келер болсақ, командаларға арналған топтық кезеңде үздік сегіз команда екі топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша ойнайды. Нәтижесінде плей-офф кезеңіндегі орындары анықталады. Бұл командалардың барлығы плей-оффқа тікелей жолдама алады.
Қалған командаларға арналған топтық кезеңде 56 құрама 4 командадан тұратын 14 топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша бақ сынайды. Топ жеңімпаздары 1/16 финалға тікелей шығады. Екінші орын алған командалар алдын ала плей-офф кезеңінде өзара ойнап, 1/16 финалға шығатын тағы 10 команданы анықтайды.
Плей-офф кезеңінде 32 команда олимпиадалық жүйе бойынша 1/16 финалдан бастап әлем чемпиондарын анықтағанға дейін жарысқа қатысады.