Ұсынылған жұмыстан бас тартқандарға АӘК беру тоқтатылады

4236

Атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа форматы түсіндірілді.

Ұсынылған жұмыстан бас тартқандарға АӘК беру тоқтатылады

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АЕК) – айлық табысы төмен азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін шартты және шартсыз ақшалай көмек.

"Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, босқындардың, шетелдіктердің және Қазақстанда тұрақты тұратын, азаматтығы жоқ адамдардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар"", – делінген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңында.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алу тұрғысында 2020 жылы енген жаңашылық жайлы айтып берді.

"Нұр-Сұлтан қаласында халықты атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету үшін азаматтарды 6 пункте қабылдап жатыр. АЕК тағайындау туралы өтініштер "Алматы", "Байқоңыр", "Сарыарқа" аудандарының әкімдіктерінде және "Жанұя" отбасын қолдау орталығы мекемесінде қабылдануда. Жаңа форматқа сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен отбасының әр мүшесі үшін өмір сүру деңгейінің 70%-ы арасындағы айырмашылық. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі 34654 теңге, кедейлік шегі – 24258 теңге. АЕК өтініш берілген күніне қарамастан, өтініш берген айдан басталады. Яғни, өтініш айдың соңғы күні тапсырылса да, толық айға төленеді", –  деді.

Атаулы әлеуметтік көмек алудың басты шарты – еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмысқа орналасуға ынталы болуға тиіс. Сәуле Нұрғожинаның айтуынша, егер жұмыс ұсынылып, азамат жұмысқа орналасудан 6 ай ішінде бас тартса, АЕК отбасының барлық мүшесі үшін тоқтатылады.

"Жаңа мамандық таңдауы үшін әр отбасына жеке кеңес береміз. Кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығы бірлесе отырып, жұмыс іздеушілерге көптеген жұмыс тауып қойды. Жарты күндік жұмыс, үйде отырып істейтін жұмыс та бар. Бүгінгі күні жұмыс берушілерде осындай икемді, қолайлы кесте бойынша істеуге болатын 476 жұмыс орыны дайын. Айлық жалақысы 70 мың теңгеден басталады. "Еңбек" бағдарламасында жұмысқа орналастырумен қатар, жеңілдікпен несие беруде өзгерістер қарастырылды. Біз қиын өмірлік жағдайға түскен әр отбасыға қол ұшын беруге әзірміз. "Жанұя" орталығында психологтар мен барлық мемлекеттік басқарма өкілдері күн сайын азаматтарды қабылдайды. Жалпы, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек уақытылы төленіп отыратын болады деп ойлаймын", – деп сөзін жалғады басқарма басшысы.

Сәуле Нұрғожина атаулы әлеуметтік көмек тек шынында да мұқтаж жандарға ғана берілетінін айтты.

"АӘК алушыларды участкелік комиссия тексереді. 2019 жылы техникасы, жер телімі бар отбасылар өздерін АӘК алушы ретінде көрсеткен жағдай болды. Биылғы жылдан бастап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК алушыларды таңдауға жаңа талаптар қосты. Мысалы, жалпы пайдалану алаңы бір адамға шаққанда 18 шаршы метрден асатын бірден артық баспанасы болса, табыс көзі ретінде пайдаланылатын қосымша үй-жайы болса немесе бірден артық жеңіл автомобиль көлігі болса, кейбір арнайы шарттарды санамағанда атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Бұл табысын жасырып, заңсыз АӘК алушылар болмауы үшін жасалды",–  деді.

Сондай-ақ, Сәуле Нұрғожина аз қамтылған отбасы балаларына азық-түлік жиыны берілетінін де мәлім етті.

"Бұдан басқа, аз қамтылған отбасылардың балаларына мемлекеттік әлеуметтік жәрдем ретінде қосымша көмек көрсетіледі. Бір жастан алты жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынымен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы ақпан айында бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша хабарлап, халыққа толығырақ түсіндіреміз", – деді Сәуле Нұрғожина.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу