Утильалымнан жиналған қаражаттың бір бөлігін шаруаларға беру ұсынылды

1640

Сенат депутаты Әли Бектаев утилизациялық алымнан жиналған қаражаттың бір бөлігін шаруаларға беруді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Утильалымнан жиналған қаражаттың бір бөлігін шаруаларға беру ұсынылды

Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдап, аграрлық сектордағы түйіні шешілмеген бірнеше проблема барын айтты. 

"Біріншіден, 2022 жылдың 2,5 айдың өткеніне қарамастан ауыл шаруашылығы субсидиялар тәртібі әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Биыл осы мақсатқа бөлінетін республикалық трансферттер көлемі азайып, субсидия түрлері қысқарып, оларды бөлудің тәртібі мейлінше өзгеретін сияқты. Әрине, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексерулерінен кейін аграрлық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан, 2-3 айдың көлемінде жасалатын дүние емес. Әсіресе, биыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болайын деп тұр", - деді сенатор.

Оның айтуынша, құрғақшылық, судың тапшылығы, минералды тыңайтқыштар, пестицидтердің қымбаттауы, Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарлары Қазақстанға ағылуы мүмкін. Бұл қазақстандық шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. 

"Осыны ескере келе, аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да саладағы проблеманы күрделендіре түсетіні анық. Әрине, субсидияландырудың тәртібі қатып қалған догма емес. Саланы дамытудың мақсаттарына сай өзгертіліп тұруы керек. Бірақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өтпелі кезең үшін кемінде 1 жыл берілуі тиіс. Өзгерістер жайы алдын ала ескертілуі тиіс. Өкінішке қарай, нақты жағдай керісінше болып жатыр... Шаруаларды қаржылай қолдаудың ақпараттық жүйесі 2022 жылғы 1 шілдесінде ғана дайын болмақ", - деді Әли Бектаев.

Депутат оңтүстікте басталып кеткен көктемгі дала жұмыстарының проблемасы шарш етектен екенін, жанармай, минералды таңайтқыштар, ағын суға қатысты түйінді мәселелер әлі шешілмегенін жеткізді.

"Аграрлық сектор эксперимент жасайтын алаң емес. Әсіресе, биыл ауыл шаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет. "Жасыл даму" АҚ есепшотындағы утильалымнан құрылған 200 млрд-тан аса теңгенің бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таңда халықты көлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ деп есептейміз", - деді сенатор.

Екіншіден, Әли Бектаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін ең қажет минералды тыңайтқыштар бағасы күрт өсіп жатқанын айтты.

"2021 жылғы қаңтарда "ҚазАзот" АҚ өндіретін аммиак целитрасының  1 тоннасы 81 мың теңге болса, желтоқсанда оның құны 200 мың теңгеге дейін көтерілген, яғни баға 2,5 есе өскен, ал "Қазфосфат" АҚ шығаратын аммофос бағасы сол уақыт аралығында 2 есе қымбаттап, 207 мың теңге болды. Тыңайтқыштарды субсидиялаудың көлемі 50% деңгейінде қалған күннің өзінде де шаруалар қыруар шығынша ұшырап жатыр. Өкінішке қарай, былтыр осы бағытта нақты ұстанымның болмауы салдарынан елімізде өндірілген минералды тыңайтқыштардың 80% шетелге сатылып кетті. Өсімдік шаруашылығындағы өнімдердің өзіндік құнының 15% тыңайтқыштар шығыны құрайды. Олай болса, еліміздегі тыңайтқыштар бағасын және экспортты реттейтін тиянақты шаралар қабылдануы керек", - деді депутат.

Үшіншіден, сенатор ауыл шаруашылығына қажет ағын судың тапшылығы және оның қымбаттап жатқанына назар аударуды сұрады.

"Жыл басынан-ақ су тапшылығының болатыны сезіліп тұр. Биыл оңтүстік өңірдегі шаруаларға экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан ауыр соғайын деп отыр. Оның үстіне ағын суға бөлініп жүрген субсидиялардың тағдыры әлі белгісіз. Осыған қарамастан "Қазсушар" АҚ ағын судың бағасын 2,5 есе қымбаттатқан.  Негізгі себеп шетелдік қаржы ұйымдарынан алған заемдардың төлеу уақытының келгені", - деді Әли Бектаев.

Ол Үкімет биылғы климаттың ерекшелігі мен коронавирус пандемияға байланысты ауыртпашылықтарды ескере отып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз етудің, оның бағасын төмендетудің нақты шараларын қабылдауы шарт керегін айтты. Тіпті, әлемдік қаржы институттарымен келісім жүргізіп, шетелдік заемдардың төлеу мерзімін қайта қарау керек.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу