Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы утильалымының жаңа тарифтерін жариялады, деп жазды inbusiness.kz.
"Автомобиль өнеркәсібін ынталандыру деңгейі автокөліктер мен ауылшаруашылық техникаларына утильалымын 50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Роман Скляр автосалондардағы көлік тапшылығы әлемде микросхемалардың (чиптердің) тапшылығымен байланысты екенін атап өтті.
Еске сала кетсек, 8 ақпан үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев утильалымы ставкалары төмендетілетінін мәлімдеді. 19 қаңтарда Қазақстан үкіметі "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның қызметін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Осылайша, утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді.
Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функциясын мемлекеттік ұйым – "Жасыл даму" АҚ орындайды.
2021 жылдың соңында утилизациялық алым ставкасы мен көлік бағасына наразы болған қазақстандықтар утилизациялық алымды алып тастау талабымен петиция жариялады.
Құралай Құдайберген