Ұялы байланыстың "акциялық тарифтік жоспары" жойылуы мүмкін

36217

Ұялы операторларға тарифті 28 күнмен шектеуге тыйым салынбақ. 

Ұялы байланыстың "акциялық тарифтік жоспары" жойылуы мүмкін

Билік халықтан қаптап түсіп жатқан шағымдарға ақыры ден қойды. Бұл қадам Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің бұйрығымен бекітілетін болды.

"Құжат ұялы байланыс операторларының 28 күнге тең тарифтік жоспарлардың есептік кезеңін белгілеуге қатысты абоненттерден түскен шағымдарға жауап ретінде әзірленді", – дейді ведомство.

Бәсекелестік пен тұтынушылардың құқығы жақсы қорғалатын дамыған елдерде азаматтар ұялы оператор қызметін қаласа, бір-ақ күн ғана пайдалануға құқылы. Тіпті осы орайда "бір реттік ұялы телефон" (disposable phone немесе burner phone) сатып алуға да болады.

Ал Қазақстанда ұялы байланыс операторлар үстем және жасырын монополиялық жағдайын пайдаланып, барлық абонентті кем дегенде бір айға тариф бекітуге мәжбүрлейді.

2015 жылы сол кездегі Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Жеңіс Қасымбек №171 бұйрығымен операторлар ойлап тапқан "акциялық тарифтік жоспар" деген ұғымды бекітіп берген екен.

"Акциялық тарифтік жоспар – ұялы байланыс операторы ұсынатын жеңілдікті шарттары бар тарифтік жоспар, оған келіскен абонент қосылу кезеңі бойынша, қолданыс мерзімі бойынша шектеулерден немесе басқа да шектеулерден тұратын талаптарды сақтауға тиіс", – делінген қазіргі қолданыстағы бұйрықта. Бұл байланыс алпауыттарының 4 апталық тарифке ауысуына жол ашты.

Үкімет халық наразылығына орай биыл бұл кесір тәжірибеге тосқауыл қоюға ұйғарды. Министр Асқар Жұмағалиев бәріне ортақ "базалық тарифтік жоспар" дегенді енгізбек. БТЖ дегеніміз "абоненттік төлемсіз аванстық есеп айырысу тәртібі бар және ұялы байланыстың негізгі қызметтерін қамтитын тарифтік жоспар" болады.

Министрліктің мәліметінше, БТЖ ұғымы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында енгізіледі. Өйткені осы арқылы абоненттерде тарифтік жоспардың қолданылу мерзімін өз бетінше таңдау мүмкіндігі пайда болады. Яғни, азаматтар айлық, апталық және болашақта тіпті бір күндік тарифті қосуға мүмкіндік алмақ.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрігі жаңа бұйрық жобасындағы "аванстық есеп айырысу" деген сөздің нені білдіретінін де түсіндіре кетті.

"Тарифтің қолданылу кезеңі 28 емес, тура 30 күнтізбелік күнді құрайды. Аванстық есепайырысу тәртібінде байланыс операторы әртүрлі әрекет ету мерзімдерін, мысалы күнделікті, апта сайынғы, ай сайынғы тарифтік жоспарларды ұсына алады. Аты айтып тұрғандай, аванстық тәртіпте оператор ұялы байланыс қызметтерін абонентке тек алдын ала төлемнен кейін ұсынады", – дейді мемлекеттік орган.

Бүгінде Beeline, Kcell, Tele2, Altel онсыз да осы режимде жұмыс жасайды. Егер тариф үшін ақша алынатын күні клиенттің балансында қажетті сома болмаса, онда тарифтік жоспар бойынша интернет пен бірліктердің бонустық көлемі аударылмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, ары қарай адам не байланыссыз қалады, не қызмет үшін жоғарғы тарифпен төлеуге ауыстырылады.

Бұл ретте жаңа құжат операторлардың баға саясатына араласпайтынын айта кеткен жөн. Яғни, абоненттер 30 күндік базалық тарифке көшірілгенімен, операторларға соның аясында әртүрлі акциялар қарастыруына рұқсат.

Жалпы, Activ, KCell, Beeline ұялы байланыс операторлары 4 аптада бір рет абоненттік төлем жинайтын саясатқа өткен жылы көшкен болатын. Бұл қарапайым қазақстандықтардың да, Парламент депутаттарының да қарсылығын туғызды. Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская депутаттық сауал жолдады:

"Бір ай орнына 28 күннің енгізілуі салдарынан ұялы байланыс қызметін тұтынушылар жылына 12 емес, 13 рет төлеуге мәжбүр. Осылайша, 8%-ға жасырын тариф көтеру жүзеге асырылды. Бұл ретте тарифтік жоспарлардың барлық операторларда бір мезгілде өзгергені назар аудартады", – деген депутат Үкіметтен олардың баға бойынша ымыраласуына арнайы тергеу жүргізуді сұрады.

Тергеу орнына тексеру жүргізілген. Операторлар мұның халықаралық тәжірибе екенін алға тартыпты. Мысалы, Украинада "Киевстар", "Vodafone Украина", lifecell 4 апталық тарифке 2018 жылы көшіпті.

Отандық операторлар да осы тарифке көшу арқасында абоненттер санының қысқарғанына қарамастан, табыстарын арттыра алды. 2019 жылдың 10 айы қорытындысында қазақстандықтарға ұялы байланыс қызметтеріне 183,1 миллиард теңге шығындауға тура келді. Бұл 2018 жылғы ұқсас кезеңнен 2 пайызға көп: операторлардың алдыңғы жылғы табысы 180,1 млрд теңге болған.

Оның үстіне абоненттер саны 1,4%-ға азайды. Қазіргі кезде 25,9 млн абонент қалды.

Әрине, миллиардтардан айырылып қалмауы үшін байланыс операторлары қулыққа баруы мүмкін. Мысалы, науқан аясында арзан тариф ұсынып, оның мерзімін 28 күнмен шектейді. Бірақ цифрлық даму ведомствосы бұл қулықты да шектеп отыр. Осы мақсатта "акциялық тарифтік жоспар" жойылады.

"Акциялық тарифтік жоспар да тарифтік жоспар болып табылады және оны қызметтің жеке түріне бөлу абоненттерді жаңылыстыруы мүмкін. Әрі оны байланыс операторлары қағидаларды айналып өту мақсатында пайдаланылуы ықтимал. Осыған байланысты акциялық ұсыныстарды "тарифтік жоспарлардың жеке түрі" ретінде бөлуге жол бермеу ұсынылады", – дейді ведомство.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов қазіргі кезде бұйрық жобасы мемлекеттік органдарда келісу барысында екенін жеткізді. Осы рәсім біте сала, қол қойылып, күшіне енбек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу